Бокс

Қытай мен Корея үшін жұдырықтасқан. Қанат Исламның өмірбаяны

Қытай мен Корея үшін жұдырықтасқан. Қанат Исламның өмірбаяны
news-banner7
mobile-news-top

5 шілде күні Қанат Ислам екі жылдық үзілістен соң шаршы алаңға қайта оралады, деп жазады Prosports.kz. сайты.

Қазақ боксшысының қарсыласы жеңіліс дәмін татпаған доминикандық Хулио Де Хесус болмақ. Жекпе-жек 5 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Боксшылар орта салмақтағы WBO Intercontinental белбеуін сарапқа салады.

Қанат Ислам соңғы рет 2017 жылдың қыркүйек айында елордада шаршы алаңға шыққан еді. Аталмыш кеште ол канадалық Брэндон Кукты нокаутпен жеңді.

Эгис Климас пен Қанат Ислам

Эгис Климас пен Қанат Ислам

Осыдан кейін қазақстандық боксшы танымал менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа отырып, АҚШ-та кезекті жекпе-жегіне дайындығын бастап кеткен. Алайда жарақатының салдарынан Қазақстанға қайта оралып,біраз уақытқа спорттан қол үзіп қалды.

Ал беделді Boxrec.com сайты Қанат Исламды барлық рейтингіден алып тастап, мансабын аяқтады деп жазды.

Арада екі жыл өткеннен соң боксшы Алматыда жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді. Жарақатынан толықтай айығып, бокс шыңын бағындыруды қайта бастамақ. Қазір оның рекорды – 25-0. Бұдан бөлек, Қанат орта салмаққа ауысуды жөн деп шешті.

Қанат Ислам Қазақстанның ең танымал боксшыларының бірі. Дегенмен жанкүйерлер «Қазақтың» (лақап аты) кәсіпқой бокстағы мансабын жақсі білгенімен, әуесқойдағы тарихын көп біле бермейді.

Қанат Ислам кезекті жекпе-жегіне дайындық үстінде

Қанат Ислам кезекті жекпе-жегіне дайындық үстінде

«Қазақ» Қытайдың Шыңжаң автономиясында өмірге келген. Ол 2000 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының чемпионы атанып, артынша Қытай кубогының финалын дейін жетті. 2004 жылы Афинадағы Олимпиада ойындарының жолдамасын ұтып алды. Алайда Қанат Олимпиаданың екінші кезеңінде әзірбайжандық Руслан Хаировқа есе жіберді.

Бір жыл өткеннен соң Қанат Ислам Оңтүстік Корея құрамасының сапында командалық әлем чемпионатына қатысты. Ол кезде отандасымыз украиналық Сергей Деревянченконы жеңіп кеткен.

2006 жылы Қытай құрамасының сапында Дохада өткен Азиада ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді. Бір айта кетерлігі жартылай финалда қазақстандық боксшы Бақыт Сәрсекбаевқа есе жіберді.

Келесі жылы Азия чемпионатында тағы қола жүлдені қанжығасына байлады. Ол жартылай финалда моңғол боксшысы Нандин-Эрденегин Монгонцойжудан жеңіліс тапты.

Чикагода өткен әлем чемпионатында Қанат Ислам тағы да Бақыт Сәрсекбаевпен кездесіп, Азиада ойындарында кеткен есесін қайтарды. Бірақ финалға бір қадам жерде тай бокшысына ұтылды.

2008 жылы Қытайда өткен Олимпиада ойындарында Қанат Ислам мансабындағы ең маңызды жүлдеге қол жеткізді. Жартылай финалда кубалық Карлос Банто Суареске есе жіберген ол Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Бұдан кейін «Қазақ» тарихи отанына оралуды шешті. 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алған Қанат Ислам бірден кәсіпқой боксқа қадам басты. Осы күнге дейін 25 жекпе-жек өткізіп үлгерген Қанат әлі күнге жеңілмей келеді.

- Ұзақ үзілістен соң шаршы алаңға оралу қиынға соқты. Өмірде небір қиын сәттер кездеседі. Кез келген адамның басынан қиын да қуанышты сәттер өтеді. Ұзақ дайындалдым. Шаршы алаңға оралуды қатты күттім. Қазақ халқына мықты бокс көрсеткім келеді. Өз алаңында жұдырықтасу әркезде керемет екені белгілі. Қарсыласым оңай шағылар жаңғақ емес, бірақ мен одан қорықпаймын. Рингте бәріміз бірміз. Мен оралдым!

Қазір Қанат 34-те. Бұл оның әлем чемпионы атанатын соңғы мүмкіндігі. Егер ол WBO Intercontinental белбеуін жеңіп алса, алдағы уақытта осы тұжырымдағы әлем чемпионы Деметриус Андрадемен жолығуға мүмкіндігі болады.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер