Теңбіл доп әлемі
Футбол

«Астана» «Қайратты» жеңіп чемпион атанғысы келеді

«Астана»  «Қайратты» жеңіп чемпион атанғысы келеді
news-banner7
mobile-news-top

Футболдан Қазақстан біріншілігінің аяқталуына екі тур қалды. Әзірге чемпион белгісіз. Үміткер екеу. «Астана» және «Қайрат». Өзгелері маусым басталысымен чемпиондықтан күдерін үзіп қойған...

Соңғы жылдары Қазақстан футболы дегенде дәл осы «Астана» мен «Қайрат» жайлы ғана айтып жүрміз. Ол түсінікті де. Аталған екі клубпен басқаларының бәсекеге түсуге қауқары жоқ, қаржысы да жеткіліксіз...

Ертең футболдан Қазақстан премьер лигасының 32-туры өтеді. Турдың ғана емес маусымның басты ойынында бағанадан бері бірнеше рет атап өткен «Астана» мен «Қайрат» кездеседі. Елордалық ұжым алматылықтардан турнир кестесінде төрт ұпаймен алда тұр. Яғни, чемпион атану үшін ертеңгі ойында оларға тең нәтиже де жеткілікті. Ал «Қайрат» үшін чемпиондыққа таласты жалғастыру үшін тек жеңіс қажет.

«Астанада» «Қайратпен» ойынға дейін чемпиондыққа қол жеткізетін мүмкіндік болған. Алайда 31-тур аясындағы «Ордабасымен» ойында негізгі құрам ойыншыларының біразынсыз Шымкенттен жеңіліп қайтты. Мүмкін ел біріншілігінің алтынына өз алаңында басты қарсыласын жеңіп қол жеткізгісі келген болар. Айтпақшы бұл «Астананың» маусымдағы үшінші жеңілісі. Ал «Қайрат» жыл бойына жалғыз рет жеңілді. Есесіне ерінбегеннің бәрі алматылық командамен тең ойнап олжалы қайтып жүрді.

Биыл ел біріншілігінде «Қайрат» топ жарады дегенге сенетіндер жоқтың қасы. Себебі ертеңгі ойында «Астананы» ұтқан күннің өзінде де турнирлік кестеде елордалық ұжымды қуып жете алмайды. Ал соңғы турда «Астана» «Ақжайықпен», «Қайрат» «Ақтөбемен» кездеседі.

«Астана» өз алаңында «Қайратқа» шамасы жетпей жатқан күннің өзінде де соңғы турда «Ақжайық» оларға оңай олжа болары анық. Болмаса төреші көмекке келер...

Ия, алматылық жанкүйерлердің Қазақстан төрешілеріне айтар назы жеткілікті. Олардың пікірінше «Астана» клубына болысатындар көп. Әрине әркім өзі жанкүйерлік ететін клубын жамандыққа қимайды. Сол себепті болсын болмасын қарсы командағы күйе жағуға құмар. Дегенмен бірнеше тур бұрынғы «Шахтер» мен «Астана» кездесуіндегі ойын соңына қарай қарағандылық команда қақпасына белгіленген мына пенальти өте күмәнді болғандығын «Қайраттың» ғана жанкүйерлері емес футбол төңірегінде жүргендердің біразы айтып қалды. Мүмкін дәл сол ойыннан соң «Астана» қоржынына түскен үш ұпай ел біріншілігінің тағыдырын шешкен болар...

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер