Қазақстандық Никита Бояркин ҚХЛ аптасының үздік қақпашысы атанды
Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) 2026/27 жылғы маусымның тоғызыншы аптасындағы үздік ойыншыларды анықтады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Аптаның үздік қақпашысы атағы «Адмирал» сапында өнер көрсететін қазақстандық Никита Бояркинге бұйырды.
Қазақстандық голкипер өткен аптада екі матчқа қатысып, екеуінде де командасының жеңіске жетуіне көмектесті. Оның сенімділік коэффициенті 2,00 болды. Бояркин мансабында екінші рет аптаның үздік қақпашысы атанып отыр.
Аптаның үздік қорғаушысы болып Ярославльдің «Локомотив» клубының ойыншысы Рушан Рафиков танылды. Ол төрт кездесуде алты ұпай (1 гол және 5 нәтижелі пас) жинады. Пайдалылық көрсеткіші «+4» болды. Рафиков бұл марапатты мансабында үшінші рет иеленді.
Үздік шабуылшы атағы Челябінің «Трактор» клубында ойнайтын Нэйтан Легареге берілді. Канадалық хоккейші үш матчта төрт ұпай (3+1) жинап, «+5» пайдалылық көрсеткішіне қол жеткізді. Ол ҚХЛ-да алғаш рет аптаның үздік шабуылшысы атанды.
Ал аптаның үздік жас ойыншысы болып «Салават Юлаев» өкілі Максим Загребин танылды. Ол екі кездесуде үш ұпай (1+2) жинап, «+2» пайдалылық көрсеткішін тіркеді. Загребин бұл марапатқа мансабында төртінші рет ие болды.