Михаил Кравец «Барыстың» «Адмиралдан» жеңілу себебін түсіндірді
Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) «Адмиралға» қарсы өткен матчты қорытындылады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Владивостокта өткен кездесуде қазақстандық клуб 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Матчтан кейін Кравец командасының қорғаныстағы ойынына және гол соғатын мүмкіндіктерді пайдалана алмағанына көңілі толмағанын айтты.
«Шабуылда жақсы ойнадық, ал қорғаныстағы әрекетіміз орташа болды. Үш және төрт ойыншымен қорғанып, қарсыласқа төтеп бергеннен кейін, матчтың аяқталуына екі минут қалғанда беске бес форматында шайба жіберіп алуға болмайды. Сондықтан жеңіліс өте өкінішті. Мүмкіндіктеріміз жеткілікті болды. Оларды тиімді пайдалансақ, кездесу басқаша аяқталар еді», – деді Кравец.
Айта кетейік, «Барыс» матч барысында 2:0 есебімен алға шыққан. Қарсылас есепті теңестіргеннен кейін астаналықтар қайтадан 3:2 есебімен басымдыққа ие болды. Алайда команда бұл артықшылықты сақтай алмады.
«Мұның бәрі қателіктердің салдарынан болды. Шайбаға талас кезінде және қарсыластың қапталдан берген пастарында бұлай ойнауға болмайды. Қорғанысқа дер кезінде оралып, дұрыс әрекет ету қажет. Біз қателік жібердік», – деді маман.
Сонымен қатар бас бапкер ұзаққа созылған сырт алаңдағы ойындар сериясы хоккейшілердің физикалық жағдайына әсер еткенін мойындады. «Адмиралға» қарсы кездесу «Барыстың» қатарынан сегізінші сырт алаңдағы матчы болды.
«Иә, сегіз матчты сырт алаңда өткізу ойыншыларға әсер етеді деп ойлаймын», – деді Кравец.
Дегенмен маман шаршауды жеңіліске сылтау еткісі келмейтінін жеткізді.
«Мұндай ойыннан кейін қандай сылтау айтуға болады? Алаңға шығып, ойнап, жеңіске жету керек», – деп түйіндеді «Барыстың» бас бапкері.