Морозова Соболенконың маусымына баға берді
Бұрынғы теннисші Ольга Морозова WTA-2026 қорытынды турнирі қарсаңында әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенконың өнеріне баға берді, деп жазады Prosports.kz.
Маман Беларусь теннисшісінің биылғы маусымын сәтсіз деп есептеуге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, әлемдік рейтингте екінші орында тұрған спортшы үшін бұл – жақсы нәтиже. Сондай-ақ Морозова Соболенконың ойын деңгейі мен техникасын жоғары бағалап, одан тек «Үлкен дулыға» турнирлерінде жеңіс күтпеу керектігін атап өтті.
«Егер сен әлемде екінші орында болсаң, онда бұл жылды нашар өтті деп ойламаймын. Кез келген ойыншыдан сұрасаң, тіпті бірінші емес, екінші орында болса да, бәрі бұған қуанады. Сондықтан жағдайды ушықтырмайық. Иә, біз одан «Үлкен дулыға» турнирлерінде тек жеңіс күтеміз. Бірақ Арина өте жақсы ойнайды, техникасы да керемет», – деді Морозова.
Бұрынғы теннисші Соболенконың жеке өміріндегі жағдайларға да назар аударып, спортшыға шамадан тыс қысым көрсетпеуге шақырды. Оның айтуынша, беларусь теннисшісінің ойынында аздап құлдырау байқалғанымен, ол әлі де әлемнің екінші ракеткасы.
«Әрине, біз талапшылмыз және бұл туралы айтуымыз керек. Дегенмен спортшыларымызға шамадан тыс қысым жасамаған жөн деп ойлаймын. Арина жақсы ойнап жүр. Иә, аздап төмендеу болуы мүмкін, бірақ ол әлі де әлемде екінші орында», – деп түйіндеді Морозова.