Роналду Португалия құрамасынан кеткені үшін дисквалификациялануы мүмкін

Роналду Португалия құрамасынан кеткені үшін дисквалификациялануы мүмкін

Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасының орналасқан жерінен мерзімінен бұрын кетуіне байланысты тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.

Оған айыппұл салынуымен қатар, уақытша шеттетілу қаупі де бар.

A Bola басылымының мәліметінше, Португалия футбол федерациясының қолданыстағы ережелерінде ойыншының ұлттық құрама орналасқан жеріне негізсіз келмеуіне қатысты жаза қарастырылған. Егер шақырту алған футболшы дәлелді себепсіз жаттығуға, матчқа немесе команданың басқа да іс-шарасына келмесе, оған бір айдан алты айға дейін дисквалификация тағайындалуы мүмкін. Ал айыппұл көлемі 500-ден 1000 еуроға дейін жетеді.

Бұл мәселе тәртіптік регламенттің 160-бабында да жеке қарастырылған. Оған сәйкес, футболшының өз бетінше ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетуі немесе келмеуі оны құрама сапындағы ойындардан уақытша шеттетуге әкелуі мүмкін.

30 қыркүйекте Роналду Португалия құрамасының лагерінен кетіп қалды. Бұған бас бапкер Жорже Жезуштың шабуылшының Данияға қарсы Ұлттар лигасының алдағы матчында негізгі құрамда шықпайтынын мәлімдеуі себеп болған.

Кейін футболшы өз үндеуін жариялап, болған жағдайдың егжей-тегжейін ашып айтатынын жеткізді. Артынша Роналдудың ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауға шешім қабылдағаны туралы ақпарат тарады.

Португалия құрамасындағы мансабында Роналду командасымен бірге 2016 жылы Еуропа чемпионы атанды. Сонымен қатар Ұлттар лигасын екі рет жеңіп алды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или