Қазақстандық спортшы Азиада-2026 чемпионы атанды
Қазақстандық спортшы Қадырбек Шынбаев Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында ММА жарысының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz..
Финалдық жекпе-жектен кейін чемпион жеңісінен алған әсерімен бөлісті. Шынбаевтың айтуынша, бұл нәтижеге дайындық жарыс басталғанға дейін әлдеқайда ерте басталған. Ол осыдан бір жыл бұрын Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алуды мақсат еткен.
«Бүкіл отбасым, туған-туыстарым мен үшін алаңдап, қолдау көрсетіп, күтіп отыр. Мені қолдаған барша жанға көп рақмет.
Финалдағы қарсыласыммен бұған дейін де кездескенбіз. 2025 жылғы Азия чемпионатында шешуші жекпе-жекте жолықтық. Негізгі уақыт тең аяқталып, қосымша уақытта жеңіске жеткен едім.
Бұл жекпе-жекке де алдын ала жоспар құрдық. Соған барынша сай әрекет етуге тырыстым. Негізгі міндет бірінші нөмір болып өнер көрсету еді. Нәтижесінде жеңіске жеттім.
Аға жолдасым Еркінғали Бүркіталимен бірге осыдан бір жыл бұрын Азия ойындарында алтын алуды мақсат еткенбіз. Бүгін сол мақсатымызға жеттік. Бір арманым орындалды», – деді спортшы ҚР ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, 71 келіге дейінгі салмақтағы финалда Қадырбек Шынбаев Тәжікстан өкілі Бехруз Хуршедзоданы 3:0 есебімен жеңді.