«Барыс» ҚХЛ аясында «Салават Юлаевпен» матчқа анонс ұсынды
«Барыс» қыркүйектегі алғашқы үй сериясын «Салават Юлаевқа» қарсы кездесумен жалғастырады, деп хабарлайды Prosports.kz астаналық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Матч «Super Star 48» мерекелік сериясы аясында өтіп, Қазақстан хоккейінің аңыз ойыншысы Роман Старченконы ұлықтауға арналады.
Уфалықтар маусымды сәтті бастап, сырт алаңда екі жеңіске жетті. Дүйсенбі күні Виктор Козлов шәкірттері Омбыда «Авангардты» 4:0 есебімен қақпасына гол жібермей жеңді. Башқұртстан астанасының командасына жеңіс әкелген голдарды Джек Родуолд, Никита Щербаков, Ярослав Цулыгин және команда сапына жаңадан қосылған ойыншы Вадим Шипачёв соқты. Семён Вязовой қақпаға бағытталған 41 соққыны қайтарды. «Салават Юлаев» бас бапкері матчтан кейін хоккейшілерінің жоғары деңгейдегі ойынға деген жауапкершілігі мен тәртіптілігін атап өтті.
«Барыс» ҚХЛ-дағы 19-маусымын «Сібірді» 7:1 есебімен ірі жеңумен бастады. Жаңа командасындағы алғашқы матчында-ақ Джастин Бэйли (дубль), Чейз Приски және Гарретт Пилон гол соқты. Сонымен қатар қазақстандық жас хоккейшілер Всеволод Логвин, Дінмұхамед Қайыржан және Семён Симонов бір-бір голдан еншіледі. Астаналықтардың тағы бір жаңа ойыншысы Хантер Шепард 28 сейв жасады. Михаил Кравец трибунадан командаға қолдау көрсеткен 10 мың жанкүйерге алғысын білдірді.
«Барыс» — «Салават Юлаев» матчы Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.