Қазақстандық боксшы жекпе-жек алдында WBA рейтингінен шығарылды
Сұлтан Заурбек WBA нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақтағы үздік боксшылар қатарынан шығарылды. Бұған дейін үшінші орында тұрған қазақстандық спортшы ұйымның жаңартылған ТОП-15 тізіміне енбеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл өзгеріс жеңіліс көрмеген қазақстандық боксшының маңызды жекпе-жегі қарсаңында болды. 26 қыркүйекте Заурбек Аустралияның Квинсленд штатында шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы жергілікті боксшы Джексон Инглэнд болады. Бұл кездесуде IBF чемпиондық белбеуіне үміткер атану мүмкіндігі сарапқа салынады.
Осылайша, алдағы жекпе-жектің Заурбек үшін маңызы арта түсті. Қазақстандық боксшы WBA рейтингінен шығарылғаннан кейін титулдық жекпе-жекке апарар жолын жалғастырады.
Жартылай орта салмақта Қазақстан атынан Руслан Мәдиев әлі де рейтингте бар. Ол WBA-ның жаңартылған тізімінде тоғызыншы орнын сақтап қалды. Ал дивизионның суперчемпионы мәртебесіндегі көшбасшысы – Теофимо Лопес.