Ресми: Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына кірді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 KO) есімі Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) ресми түрде қосылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Салтанатты шара АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Кантастотеде өтті. IBHOF жыл сайын рингте айрықша із қалдырған спортшыларды марапаттайды. Биыл Головкин осы мәртебелі тізімге енген алғашқы қазақстандық атанды.
GGG орта салмақта ұзақ жылдар бойы WBA, IBF және WBC чемпиондық белбеулерін иеленіп, абыроймен қорғады. Ол кәсіби мансабында әлемдік бокстың ең мықты өкілдерінің бірі ретінде танылды.
Головкин орта салмақ тарихындағы бірқатар рекордтардың иесі. Оның тоғыз жыл бойы жалғасқан қатарынан 23 нокауттық жеңісі осы дивизион тарихындағы ең ұзақ серия болып саналады. Сонымен қатар оның қоржынында әлем чемпионы титулдарын 21 рет сәтті қорғау көрсеткіші бар. Ал 90 пайыздан асқан мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер көрсеткіші әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.
Ол соңғы жекпе-жегін 2022 жылы өткізді және әлі күнге дейін мансабын ресми түрде аяқтамады.Қазіргі уақытта ҰОК мен World Boxing ұйымының президенті болып табылады.
Time басылымындағы тізімде Головкин жоқ