Ян Тютюньков неге мансабын ерте аяқтағанын түсіндірді
Қазақстандық хоккейші Ян Тютюньков 23 жасында кәсіби мансабын аяқтау туралы шешімінің себебін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz legalbet.kz сайтына сілтеме жасап.
Спортшының сөзінше, мұндай шешім қабылдауға денсаулық мәселелері мен бірнеше ота себеп болған.
Тютюньков 22 жасқа дейін үш операция жасатқанын айтты. Сонымен қатар ол бұдан бөлек көптеген жарақаттан аман қалғанын жеткізді. Осыған байланысты кәсіби лигаларда ойнауды тоқтатуға шешім қабылдаған.
Хоккейші алдағы уақытта Кувейт, Қытай секілді хоккей деңгейі төмен елдерде ойнау мүмкіндігін қарастырып отырғанын да жасырмады. Оның айтуынша, бұл тіл үйренуге және өзін дамытуға көмектесуі мүмкін.
Ян Тютюньков — өскемендік «Торпедо» мектебінің түлегі. Ол Қазақстан құрамасында да өнер көрсеткен.
2025/26 жылғы маусымда хоккейші тұрақты чемпионатта 13 матч өткізіп, 2 гол және 6 нәтижелі паспен 8 ұпай жинады. Сондай-ақ плей-оффта екі ойынға қатысқан.