Қазақстандық боксшының жекпе-жегінде төрелік еткен қазылар жазаланды
Бразилияның Фос-де-Игуасу қаласында өтіп жатқан әлем кубогында қателік жіберген төрешілер жазаланды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан бокс федерациясы Әлем кубогының 1/4 финалындағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Хуго Грау арасындағы жекпе-жектің нәтижесі бойынша World Boxing ұйымына хат жолдап, мынандай жауап алды:
«Күнделікті R&J (Төрешілер мен қазылар) бағалау жиынында осы жекпе жекті қайта қарағаннан кейін келесі шаралар қабылданды.
№175 жекпе жек. Хуго Грау (FRA) – Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (KAZ)
24 сәуір R&J сегіз сарапшысы да жекпе жекті қайта қарап шықты.
Сарапшылардың көпшілігі 2 және 3 раундтарды Қазақстан пайдасына 9-10 «айқын басымдық» деп таныды. Бұл дегеніміз, сарапшылардың пікірінше, бұл екі раунд үшін жалғыз қолайлы ұпай – 9-10.
Осы тексерістің нәтижесінде, жеңісті Франция боксшысына берген үш төрешіге өз жұмыстары үшін санкция (жаза) қолданылды.
Сонымен қатар осы үш төрешінің екеуі жарыстан шеттетілді және осы турнир аясында төрелік ету құқығынан айырылды».
Аталған жекпе-жекте төрешілердің шешімімен отандасымыз 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
