Әлімханұлы Адаместің шақыруына нақты жауап берді

Әлімханұлы Адаместің шақыруына нақты жауап берді

Доминиканалық боксшы, орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен біріктіруші жекпе-жек өткізгісі келетінін қайта мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Айта кетейік, Жәнібек – орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы.

Әлімханұлы мен Адамес арасындағы ықтимал кездесу туралы 2023 жылдан бері айтылып келеді. Екі боксшы бірін-бірі әлеуметтік желілер арқылы жекпе-жекке шақырып жүргенімен, нақты келісімге келген сәтте келіссөздер тоқтап қалып отырған. Бұл аралықта олар бір-бірін келісімшартқа қол қоюдан бас тартып, қорқақтық танытып жүр деп айыптаған.

2026 жылдың сәуірінде Карлос Адамес қайтадан ашық мәлімдеме жасап, Жәнібек Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды. Оның айтуынша, бұл айқас оның мансабы үшін ерекше маңызға ие.

— Бұл жекпе-жек мен үшін өте жеке мәселе. Ол маған рингтен тыс зиян келтіремін деп айтқан. Мен оның мұны сөзбен емес, рингте дәлелдегенін қалаймын. Ол камера алдында немесе микрофон арқылы емес, нақты қалай әрекет ететінін көрсетсін. Мен өзімді одан мықты боксшымын деп есептеймін. Сондықтан оның бәрін рингте дәлелдеуі керек, — деді Адамес Inside The Ring YouTube арнасына берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ жекпе-жекке кез келген уақытта дайын екенін және Әлімханұлымен кездесу өткізуге асығатынын айтты.

Өз кезегінде қазақстандық боксшы әлеуметтік желіде былай деп жауап берді:

— Анау Адамес қоймайды екен, иә (күліп). Біз Америкаға барсақ қашады, ал Қазақстанда жүрсек қайта жекпе-жекке шақырыпты. Өзі бір түсініксіз бала екен. Күңкілі бітпейді әйтеуір. Бірақ өмір осындай адамдармен қызық қой. Арасында осылай сөйлеп, көңілді көтеріп қояды. Жарайсың Адамес, — деп қысқа қайырды Жәнібек Әлімханұлы.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың желтоқсанына дейін дисквалификацияда. Бұған оның допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылуы себеп болған. Қазіргі уақытта WBO боксшының дисквалификациясын қысқарту немесе алып тастау туралы апелляциясын қарастырып жатыр.

Сонымен қатар, Карлос Адамеспен жекпе-жекке ресми түрде тағы бір қазақстандық боксшы — Мейірім Нұрсұлтанов та үміткер ретінде қарастырылып отыр.

Жәнібек Әлімханұлы WBO шешіміне қарсы апелляция берді

Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағынан айырылды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или