Таеквондодан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы: Жастар құрамасының деңгейі көңіл қуантады
Ташкент қаласында (Өзбекстан) таеквондодан жастар арасында әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл дүбірлі додада қазақстандық жас таеквондошылар табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына бес медаль салды. Осы орайда, ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Айтжан Алдабеков Olympic.kz сайтына сұхбат берді. Бапкер өз сөзінде әлем чемпионатын қорытындылап, көзге түскен спортшыларды атап өтті.
Таеквондодан Ташкент төрінде өткен әлем біріншілігінде ұлттық құрама бес медаль жеңіп алды. Айта кетерлігі, оның біреуі алтын, төртеуі қола жүлде. 44 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеген Айым Серікбаева жарыс жеңімпазы атанды. Ал Ерасыл Ержат (48 келіге дейін), Әділет Шері (51 келіге дейін), Ислам Медетбай (55 келіге дейін) және Алидар Абдукаримов (68 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.
Аға жаттықтырушы Айтжан Алдабеков жарыс алдында қойылған мақсаттың орындалғанын атап өтті.
"Әлем чемпионатының алдында қойылған мақсат толық орындалды. Тіпті, одан да жоғары деңгейде орындадық деуге болады. Дегенмен бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігіміз болды. Ұлттық құраманың алда өтетін әлем чемпионаттарында, дүбірлі додаларда командалық есепте үздік атануға әлеуеті жетеді", - деді жаттықтырушы.
Сонымен қатар Айым Серікбаева араға 20 жыл салып, әлем біріншілігінде топ жарды. Бұған дейін Қазақстан жастар құрамасы соңғы рет 2006 жылы алтын медаль алған. Аға жаттықтырушы өз сөзінде жастардың өнеріне баға берді. Оның айтуынша, командада негізгі құрамға ауыса алатын жас таеквондошылар жетерлік.
"Қазіргі таңда жастар құрамасының деңгейі көңіл қуантады. Себебі негізгі құрамға өте алатын спортшыларымыз жетерлік. Атап айтқанда, Жанайбек Шамуратов, ағайынды Нұрәлі мен Мұхаммедали Махмұттар, сондай-ақ Айым Серікбаева мен Любовь Юн - болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар. Жалпы команданың деңгейі жоғары.
Әлем чемпионатында он спортшымыз ширек финалға дейін жетті. Оның бесеуі ұлттық құрама қоржынына жүлде салды. Әсіресе, Жанайбек Шамуратов көңіл қуантарлық өнер көрсетті. Бұдан бөлек, Ислам Медетбай тартысты жекпе-жектер өткізді. Любовь Юн соңына дейін табандылық танытса, турнирдің үздік спортшысы атанған Айым Серікбаеваны атап өтуге болады", - деп баға берді жаттықтырушы.
Сондай-ақ жастар құрамасының аға жаттықтырушысы алдағы оқу-жаттығу жыиндарына тоқталып, жасөспірімдер Олимпиадасына дейін өтетін турнирлерді атап өтті.
"Алдымен спортшылар қысқа мерзімді демалыс алады. Одан кейін Астанада өтетін Kazakhstan Open мен Altay Cup халықаралық турнирлерінде бақ сынайды. Осы жарыстардан соң ел ішінде оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, кейін Кореядағы дәстүрлі турнир мен дайындық кезеңі жалғасады. Қыркүйек айында Germany Open турнирі жоспарланған. Содан кейін таеквондошыларымыз Олимпиадаға қатысады", - деп түйіндеді Айтжан Алдабеков.
Жастар арасындағы ӘЧ: Айым Серікбаева алтын медаль жеңіп алды
Өзбекстан қазақстандық таэквондошыны ӘЧ-дағы үздік спортшы деп тапты
Қазақстан таеквондошылары халықаралық турнирде төрт медаль жеңіп алды