Жас спортшыға зорлық жасады деген ауыр айып тағылды
АҚШ-та беделді мектептердің бірінде орын алған оқиға қоғамда үлкен дүмпу тудырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жас су добы спортшысы Люк ван дер Вудқа командадағы әріптесіне бірнеше жыл бойы жыныстық зорлық жасады деген айып тағылып, сотқа талап-арыз берілді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиғалар Лос-Анджелестегі Гарвард-Уэстлейк мектебінде болған. Айыптауда зорлық әрекеттері бассейн, киім ауыстыратын бөлме және душ сияқты бірнеше жерде қайталанғаны көрсетілген. Жәбірленуші мұның ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде жалғасқанын айтқан.
Сонымен қатар, құжаттарда мектеп әкімшілігі мен жаттықтырушылар бұл жағдайдан хабардар болғанымен, тиісті шара қолданбағаны, яғни мәселеге көз жұмғаны туралы айып бар. Бұл жағдай білім беру және спорт жүйесіндегі бақылау әлсіздігін қайта күн тәртібіне шығарды.
Айта кетелік, айыпталушы спортшының бұған дейін де осындай қылмысқа байланысты ұсталып, жазаланғаны көрсетілген. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жүріп жатыр, сот процесі жалғасады деп күтіліп отыр.