Александр Усик - Даниэль Дюбуа абсолютті әлем чемпионы атағы үшін шайқасады

19 шілде күні ауыр салмақтағы WBA, WBC және WBO чемпионы Александр Усик (23-0, 14 КО) IBF чемпионы Дэниэл Дюбуамен (22-2, 21 КО) қайта жұдырықтасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Британдық боксшының промоутері Фрэнк Уорренге тиесілі «Queensberry Promotions» компаниясы жекпе-жектің 19 шілдеде Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионында өтетінін ресми жариялады. Жекпе-жек 90 мың жанкүйер сыятын «Уэмбли» стадионында өтеді. Жеңгені абсолютті әлем чемпионы атанады.
Екі боксшы 2023 жылдың тамызында өзара жұдырықтасқан. Ол кезде Усик тоғызыншы раундта нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Бірақ бесінші раундтағы Дюбуаның соққысы белден төмен болды деп есепке алмаған еді.
38 жастағы Усик бұған дейін де абсолютті әлем чемпионы болған. Ол бұл атақты 2024 жылдың мамырында Тайсон Фьюриді алғашқы кездесуде жеңіп алған еді. Кейін Усик титулды босатып, Фьюримен реванш өткізуге келіскен.
27 жастағы Дэниэл Дюбуа 2024 жылдың қыркүйегінде Энтони Джошуаны бесінші раундта нокаутқа түсіріп, әлем чемпионы атанды. Усиктен жеңілгеннен кейін Дюбуа қатарынан үш жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтап, жеңіске жетті.