Қайрат Сәтжанов: қосалқы құрам мықты, Қазақстан боксының болашағы бар

Қайрат Сәтжанов: қосалқы құрам мықты, Қазақстан боксының болашағы бар

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы К. Коротковты еске алуға арналған және "Жібек жолы" халықаралық турнирінде өнер көрсетуін аяқтады. Аталмыш жарыстарда ел намысын негізінен жас боксшылар қорғады. Бұл – болашағынан зор үміт күттіретін өрендер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан байрақты бәсеке болды. Олардың көрсеткен қарқыны мен қайсар мінезі Қазақстан боксының болашағының жарқын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Толығырақ Olympic.kz материалында.

10-16 сәуір аралығында Әзірбайжанның Баку қаласында "Жібек жолы" халықаралық турнирі өткен болатын. Бұл бәсеке Қазақстан ұлттық құрамасының 3-4 нөмірлі боксшылары қатысты. Бас бапкер Қайрат Сәтжанов турнир басталмас бұрын, негізгі мақсат жалпыкомандалық есепте көш бастау емес екендігін мәлімдеген болатын. Басты мақсат жас спортшылардың тәжірибе жинауына мүмкіндік беру. 

Бакудегі турнир жас спортшыларымыздың әлеуетін ашуға керемет мүмкіндік сыйлады. Мәселен, Бағлан Кенжебек (54 келіге дейін) пен Нұрбек Мұрсал (71 келіге дейін) "Жібек жолы" турнирінің жеңімпазы атанса, тағы бір былғары қолғап шебері Санжарәлі Бегалиев мықты қарсыластармен тайталаса алатынын дәлелдеп, екінші орынға ие болған еді. Нұрғиса Тұрабеков (48 келіге дейін), Жандәулет Сәрсенбаев (54 келіге дейін), Ерхан Тұрдан (57 келіге дейін), Дулат Бекбауов (67 келіге дейін), Асылхан Көшербай (67 келіге дейін), Дәурен Мамыр (86 келіге дейін) қола медаль жеңіп алған болатын.

"Бұл жарысқа ұлттық құраманың жас боксшылары қатысқан болатын. Көбісі 2005, 2006 жылғы спортшылар. Мәселен, Өнер Сейілхан, Санжарәлі Бегалиев бірінші орын алмаса да, салқынқандылық танытып, жақсы бокс үлгісін көрсете білді. Нәтиже жаман емес. Қосалқы құрам мықты, Қазақстан боксының болашағы бар деп үміттенемін. Әрі қарай дайындықты шыңдай түсеміз",-деді ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Ұлттық құрама Ресейдің Хабаровск қаласында өткен К. Коротковты еске алуға арналған байрақты додада да жүлделі орындардан көрінді. Жас боксшыларымыз бұл турнирде жеңіс тұғырының биігіне көтеріле алмаса да, тартысты бәсекеге қабілетті екенін көрсете білді. Бірінші орынды тәжірибелі боксшыларымыз Сәкен Бибосынов (54 келіге дейін) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) иеленді. Сондай-ақ, Сағындық Тоғамбай (92 келіге дейін) "Странджа кубогының" алдында жарақат алып қалған еді. Содан кейін ұлттық құрама сапына қайта оралып, күміс жүлдегер атанды.

Ал жастардың арасында Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (67 келіге дейін) үшінші нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Теміртас Жүсіпов (48 келіге дейін) және Жандос Қыдыралиев (63,5 келіге дейін) қола медаль иегерлері атанған болатын.

Қазақстандық жас боксшылардың бұл нәтижені жақсартуға жақсартуға әлі де мүмкіндіктері бар. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы кішігірім және маңызды жарыстар туралы атап өтті.

"Алда Моңғалия және Қырғызстанда өтетін турнирлер бар. Сондай-ақ Таиландта өтетін Thailand Open, Чехиядағы жарыстар бар. Алдағы оқу-жаттығу жиындарынан кейін спортшыларымыз турнирлерге аттанатын болады. Бұл кішігірім жарыстар жас спортшыларымыздың өзін көрсетуі үшін таптырмас мүмкіндік. 

Ең басты жарыстарымыздың бірі Астанада өтетін Әлем кубогының екінші кезеңі болмақ, бұл жарысқа 1-2 нөмірлі боксшыларымыз қатысады”,-деді бас бапкер.

Жалпы алғанда, Қазақстан құрамасының жас боксшылары халықаралық аренада өз әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдей білді. Бұл көрсеткіштер Қазақстан боксының даму бағыты дұрыс екенін аңғартады. Алда жас спортшыларды маңызды сындар мен халықаралық турнирлер күтіп тұр. Әсіресе, Астанада өтетін Әлем кубогының екінші кезеңі отандық боксшылар үшін жауапты дода болмақ. Жас боксшыларымыздың бүгінгі табандылығы — ертеңгі жарқын жеңістердің кепілі екені сөзсіз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или