«Реал Мадрид» жаңа қаржылық рекордқа қол жеткізді

Мадридтік «Реал» биылғы маусымның алғашқы алты айында 600 миллион еуроға жуық табыс тапты, деп хабарлайды Prosports.kz.
2024 жылдың шілде-желтоқсан айлары аралығында клубтың жалпы табысы өткен маусыммен салыстырғанда 27,9%-ға артып, 589,8 миллион еуроны құрады.
Маусым басынан бері Сантьяго Бернабеу үй стадионын жұмыс уақытынан тыс уақытта пайдаланудан түскен кіріс 43,9 миллионды құрады. Матч күндеріндегі табыс өткен маусымдағы 94,5 миллион еуромен салыстырғанда 149,6 миллион еуро болды.
«Реал Мадридтің» маркетингтік кірісі маусым басынан бері 38,6%-ға өсіп, 250,4 миллион еуроға тең болды. Сонымен қатар, клубтың бөлшек саудадан, демеушіліктен және лицензиядан түскен табысы да өсті.
«Реал Мадрид» биылғы маусымды рекордтық табыспен аяқтауы мүмкін. Өткен маусымда команда әлемде бірінші болып миллиардтан астам табыс тапты.