Алуа Балқыбекова алдағы жоспарларымен бөлісті

Алуа Балқыбекова алдағы жоспарларымен бөлісті

Сербияның Ниш қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ал 50 келі салмақта сынған түскен Алуа Балқыбекова алғаш рет әлем біріншілінің чемпионы атанған болатын. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында отандасымыз жарыстың есте қалған сәттерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Алғаш рет Әлем чемпионатында чемпион атандыңыз, бұл қандай сезім?

- Бұған дейінгі жарыстың финалындағы жеңілістен кейін қатты өкінген болатынмын. Одан кейінгі әлем біріншілігінде қола медальға қол жеткіздім. Енді биыл жеңіс тұғырының биігіне көтерілдім. Өзіме әлі де сене алар емеспін(күледі). 

«Бұл қыздар әлем чемпиондары ғой» – деген кезде біз жайлы айтып жатыр ма деп ойлап қаламын кейде. Бірақ жеңімпаз атану өте керемет сезім.

Алуа Балқыбекова 2022 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен әлем біріншілігінде екінші орынға көтерілген болатын. Боксшы 48 келі салмақта сынға түскен еді. Ақтық сында түркиялық Айша Чагирирға жол берді. Кейіннен 2023 жылғы байрақты доданың жартылай финалында индиялық Ниту Гангаспен кездесіп, ұпай саны бойынша қарсыласына есе жіберген болатын.

- Сіздің ойыңызша ұлттық құрама қалай өнер көрсетті? 

- Ұлттық құрама өте жақсы өнер көрсетті. Дайындық жоғары деңгейде өтті. Осы әлем чемпионатына дейін қыздар аянбай еңбектенген болатын. Бұған дейнгі Азия чемпионатында керемет көрсеткішке жеткен еді. Ал жақында аяқталған байрақты додада ширақталған бокс үлгісін көрсеткен болатын.

Айта кетейік, отандастарымыз әлем біріншілігінде 4 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынға Ресей құрамасы орналасса, Түркия үздік үштікті түйіндеді.

- Жаңа бапкердің келуіне байланысты құрамада өзгерістер бар ма?

- Жаңа бапкердің келгелі бері, ұлттық құрамаға жас жаңа мамандар қосылды. Осы әлем чемпионатында бізге жаңа дәрігер көмек көрсетті. Мамандардың еңбегін жоғары бағалаймын. Сол адамдардың арқасында қалыпқа келу шаралары жақсы жүргізілді. Мысалы, бүгін біз жекпе-жек өткізіп жатсақ, келесі күнгі кездесулерге дайын болатынбыз. Бас бапкердің де еңбегін атап өткен жөн. Қолдау көрсетіп, әр кездесу бойы өзінің ақыл-кеңестерін беріп, әдіс-тәсілдерімен бөлісіп отырды.

- Әлем чемпионатынан кейін демалыс алуды жоспарлап отырсыз ба?

- Әрине, жарыстан кейін бір апта көлемінде демалуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін біртіндеп алдағы турнирлерге дайындықты бастаймыз. Себебі бір орында тоқтап қалуға болмайды. Әрдайым бабымызда болуымыз керек.

-Алдағы Олимпиада ойындарына қатысасыз ба?

- Ия алдағы Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына мақсатты түрде дайындалып жатырмын. Осы әлем чемпионаты, Азия чемпионаты сол әлем біріншілігің алдында үлкен сынақ ретінде қарастырылады.

- Өткен әлем чемпионаты несімен есте қалды?

- Ең бірінші жекпе-жегіме кешігіп қалуға шақ қалдым. Негізі мен алтыншы жұпта едім. Маған дейінгі екі жұптың бәсекесі қысқа уақытта аяқталған болатын. Сол себепті, кездесуге уақытында келе алмай қалдым. Содан кейін, “Қазақстан” жазуын алып шығатын қыз менен бұрын шығып кетті. Жанкүйерлерім алаңдап, барлығы маған жаза бастады. Көңіл-күйімде түсіп кетті. Өзімде басында мән-жайды түсінбей қалдым. Өйткені барлығы қарбалысып кетті. Осылайша, осы жарыстың ең бірінші күні есте қалды.

Қазақстандық спортшы жарыстың бірінші күні кениялық Вероника Нзивамен кездескен болатын. Үш раундтың қорытындысы бойынша Алуа 5:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

- Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- Енді алда 1-15 қазан аралығында өтетін Азия чемпионаты тұр. Демалыстан соң дайындыққа кірісеміз. Ал одан бөлек ең басты мақсатым - 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанып, елге алтын медальмен оралу.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или