Қазақстандық екі боксшы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Қазақстандық боксшылар Алуа Балқыбекова мен Виктория Графеева Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz.
50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова түркиялық Айсен Ташкинмен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
1/2 финалда Балқыбекова Солтүстік Корея өкілі Кум Анмен күш сынасады.
60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Виктория Графеева өзбекстандық Ситора Турдибековамен кездесті.
Бұл жекпе-жекте Графеева 5:0 есебімен жеңіске жетті. Сонымен қатар, екінші раундта өзбекстандық боксшыға нокдаун есептелді.
Айта кетейік, Алуа Балқыбекова – әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері (2022 жылы – күміс, 2023 жылы – қола) және Азияның екі дүркін чемпионы (2021, 2022).
Графеева – қазіргі Азия чемпионы. Қазақстандық спортшы алтын медальді желтоқсан айында Таиландтың Чиангмай қаласында жеңіп алды.