Дмитрий Бивол келесі жекпе-жегі туралы мәлімдеме жасады

Жартылай ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Дмитрий Бивол келесі жекпе-жегі туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оның айтуынша, командасы Артур Бетербиевпен үшінші айқасты ұйымдастыруға бар күшін салуда, және бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Әзірге нақты жаңа жоспар жоқ. Алдымен реванш мәселесін анықтап алуымыз керек. Біз бұл бағытта белсенді түрде қадам жасап жатырмыз, бірақ ресми келіссөздер әлі өткен жоқ. Мен үшін басты басымдық – Бетербиевпен трилогия өткізу. Егер Артур реванш алғысы келсе, бұл жекпе-жекті өткізу мен үшін де маңызды, осылайша бұл қарсыластыққа соңғы нүкте қоя аламыз», – деді Бивол.
Қазіргі уақытта Бивол командасы реванш мәселесіне қатысты жаңалықтарды күтіп отыр. Егер тараптар келісімге келсе, бокс әлемі тағы бір тарихи айқастың куәсі болмақ.