Допты хоккей: «Ақжайық» қазандық команданы екінші рет ойсырата жеңді
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) клубымен екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Кеше оралдықтар қарсыласын 10:1 есебімен жеңген еді. Бүгін де доп «Ак Барс-Динамо-2» қақпасына қарша борап, Николай Шавалдин баптайтын ойыншылар 15:1 есебімен жеңіске жетті.
Команда сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 7 голдың авторы атанса, қазақстандық шабуылшы Рауан Исалиев 4 доп енгізді. «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиевтің еншісіне 2, Артем Лапшин мен Нұрбол Бөкешовке бір-бір голдан жазылды.
Қазандық командадан Роман Лапин бір доппен ғана жауап қайырды.
Осы ойыннан кейін 33 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында көш бастаушылардың қатарында келеді.
Батысқазақстандықтар келесі кездесуін өз айдынында 18-19 қаңтарда «Волга-Черемшан» (Ульяновск) командасына қарсы өткізеді.