русский язык
ММА

«Хабиб қарапайым жігіт». «Қырғыз феномені» Дағыстандағы жиын, OCTAGON 55 турниріндегі титулды жекпе-жегі туралы

«Хабиб қарапайым жігіт». «Қырғыз феномені» Дағыстандағы жиын, OCTAGON 55 турниріндегі титулды жекпе-жегі туралы

Қырғызстандық ММА жанкүйерлері UFC-де ел намысын қорғайтын келесі өкілін күтіп жүр, сондықтан мұндай әлеуеті жоғары барлық файтерді жіті бақылайды.

Солардың бірі – 24 жастағы нокаутшы Мұртазали Магомедов (6-0), ол кәсіпқойдағы алты жекпе-жегін де мерзімінен бұрын аяқтап, соңғы екеуін OCTAGON лигасында өткізді. Бұл лигадан Азат Мақсұм мен Бекзат Алмахан UFC-ге аттанған еді.

Prosports.kz журналисі OCTAGON 55 турнирінде жартылай жеңіл салмақта өзбек файтері Сардор Худойбердиевпен (7-2) жекпе-жегінің алдында қырғыз проспектімен сөйлесті.

– Мұртазали, кәсіпқойлар арасында осыған дейін алты жекпе-жек өткізіп, барлығында мерзімінен бұрын жеңіске жеттіңіз. Бұған қалай қол жеткізіп жүрсіз?

– Иә, кәсіпқой алты жекпе-жек өткіздім, олардың бәрін мерзімінен бұрын жеңдім. Стилім сондай шығар – күресте болсын, соққыда болсын финишке бағытталған. Мен әрқашан мерзімінен бұрын жеңіске жетуді мақсат етемін.

– Сізді қазір жұрт «қырғыз феномені» деп жүр. Бұған қалай қарайсыз?

– Қырғыз феномені ме? Жаман емес, солай жалғаса берсін.

– Түсінгенім бойынша, Қырғызстанның атынан шыққаныңызбен, ұлтыңыз қырғыз емес. Өзіңіз туралы қысқаша айтып берсеңіз, спорттағы жолыңыз қалай басталды?

– Мен Қырғызстанның атынан шығып, бұл елді өз Отаным деп санаймын. Мен осында туып-өстім, спорттық сапарымды осы жерден бастадым. Ұлтым - авар, яғни дағыстандықпын.

– Әуесқой деңгейде қандай жетістіктеріңіз бар?

– Әуесқой мансабымда талай жекпе-жек өткізіп, спорттың әр түрінен бақ сынадым. Жетістіктер қатарында әлем және Азия чемпионаттарындағы жеңістер де бар. Кейін кәсіпқой деңгейге шықтым.

– OCTAGON лигасындағы екі сенімді жеңістен кейін ұйым титулды жекпе-жек берейін деп отыр. Бұл жекпе-жектердегі қарсыластарыңыз қаншалықты ауыр болды?

– Мен екі жекпе-жек өткіздім және бұл титулға лайықпын деп ойлаймын. Қарсыластар өте жақсы және тәжірибелі файтерлер болды, көптеген жекпе-жек өткізген. Осал қарсыластар емес еді, бірақ мен олардан өте сенімді өттім.

– Әлемге әйгілі Абдулманап Нурмагомедовтің мектебінде оқу-жаттығу жиындарында болдыңыз. Бұл жаттығудан не түйдіңіз? Танымал файтерлермен спарринг өткізіп үлгердіңіз бе?

– Иә, бұл менің шетелдегі алғашқы оқу-жаттығу жиыным еді, бірден Абдуламанап Нурмагомедовтің мектебіне бардым. Көптеген түрлі сәт есімде, осы залда көп тәжірибе жинадым. Спарринг-сессиялар әртүрлі файтермен өтті, өйткені әрбір екінші адам UFC файтері немесе чемпионы еді. Атақты спарринг серіктестерім де болды.

– Әлеуметтік желіге қарасақ, Хабиб Нурмагомедов – сіз үлгі алатын файтерлердің бірі. Бұрынғы UFC чемпионының бойындағы қандай қасиеттерді алғыңыз келеді?

– Мен Хабибті ММА тарихындағы ең үздік файтерлердің бірі және осы спортта өз ізін қалдырған адам деп санаймын. Хабибтің өз жолы болды, менің өз жолым бар. Менің де жетер жетістігім көп, себебі алғашқы қадамдарымды енді бастап жатырмын. Оның адамгершілік қасиетін бойыма сіңіргім келеді. Хабиб - көп нәрсеге қол жеткізген адам, бірақ сонымен бірге әрқашан қарапайым жігіт болып қала береді. Осыны атап өткім келеді.

– Бұған дейін жеңіл салмақтағы титул Мұхаммеджон Құрбановта еді. Белдіктің бос қалғанын білгенде қуандыңыз ба?

– Жоқ, қуанбадым. Маған кіммен жекпе-жекке шығатыным маңызды емес – Мұхаммеджон немесе басқа файтер. Біздің мақсатымыз - титулды жеңіп алу. Бізге мұндай мүмкіндік туып тұр, ал қарсыластар кім болатыны маңызды емес.

– 16 ақпанда өзбекстандық Сардор Худойбердиевке (7-2) қарсы чемпиондық жекпе-жек өткізесіз. Бұл жекпе-жектен не күтесіз?

– Сардорды өте мықты қарсылас және жақсы файтер деп есептеймін. Қазіргі уақытта дайындықтарымыз өте жақсы, бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Бұл менің ең жақсы дайындықтарымның бірі деп ойлаймын. Жеңіске жетуге тырысамын. Яғни, қоржыныма мерзімінен бұрын тағы бір жеңіс қосамын.

– Сіздің ойыңызша, бұл жекпе-жекте не шешуші рөл атқаруы мүмкін?

– Дайындық басты рөл атқарады деп ойлаймын. Кім шайқасқа жақсырақ дайындалса, сол жеңеді.

– Алдыңызға UFC-мен келісімшарт жасасу мақсатын қойдыңыз ба? Осындай тапсырма болса, осы деңгейге қашан жетуді жоспарлайсыз?

– Иә, кез келген ММА файтері сияқты мен де UFC-ге түскім келеді, өйткені бұл әлемдегі ең үздік лига. Бірақ бүгін менің мақсатым - OCTAGON лигасының белбеуін алып, содан кейін чемпион мәртебесін нығайту үшін бір-екі рет сәтті қорғау. Содан кейін, әрине, UFC-ге барғым келеді.

Алдағы ивентке билеттерді zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады

Турнирдің бас серіктесі - UNDERDOG спорт агенттігі

OCTAGON лигасының бас серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы

OCTAGON 54 турнирінің ресми серіктесі - Gorilla Energy Drink

Фото: OCTAGON, Мұртазали Магомедовтің жеке мұрағатынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;