«Барыс» Ресейдің «Северсталь» командасынан басым түсті
Қазақстанның және әлемнің спорт жаңалықтарына жазылыңызҚазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Северсталь» (Череповец) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Астаналық клуб үшін биылғы маусым сәтті болды деп айту қиын. Соңғы 10 ойынның небәрі үшеуінде жеңіске жетті. Салдарынан турнир кестесінде «Барыс» 28 ойыннан кейін 23 ұпаймен 21-орында тұрған еді.
Бүгінгі кездесуде есепті ресейлік клуб ашты. Олардың қатарынан Никита Коростелёв 16-минутта мергендік танытты. Екінші кезеңде елордалық клуб қатарынан үш шайба соғып, есепте алға шықты. Үш голдың үшеуінде де қазақстандық Батырлан Мұратовтың көмегі тиді. Алдымен одан пас алған Әділбек Бекетаев 27-минутта шайба соқса, Кирилл Савицкий 29-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 33-минутта Батырлан Мұратов есепті үстемелей түсіп, 50-минутта екінші мәрте мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде қатарынан үш мәрте жеңілістен кейін сәтсіздіктер сериясы тоқтады.
Енді елордалық клуб алдағы ойынын 16 қарашада Ресейде «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізеді.