ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі ММА көрсетілімі жайлы түсініктеме берді

Бұған дейін YouTube желісіндегі «Өзекті» жобасында ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Дархан Қадырәлі елде ММА турнирлерін көрсетуге шектеу қою туралы айтқан, осы мәлімдемеге байланысты министрлік түсініктеме берді.
Prosports.kz редакциясының сауалына келген жауап:
«Бұл мәлімдеме жұртшылықты, бизнес өкілдерін және медиа саласына қатысты тараптарды алаңдатып отырғаны белгілі болды. Осыған байланысты хабарлаймыз:
Жалпы, қоғамда, әсіресе жасөспірімдер арасында болып жатқан зорлық-зомбылық күн санап артып келе жатқаны бәрімізге мәлім. Министрлік бұған алаңдаушылық білдіріп, аралас жекпе-жек түрлерін қоғамдық арналарда көрсету уақытын қысқартып, оның орнына негізгі спорт түрлерін көрсету қажет деп санайды. Әлемдік тәжірибеге сай, ММА сияқты жобаларды жекеменшік телеарналар көрсетеді.
Сонымен қатар, бұл бағдарлама, министр атап өткендей, букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарды насихаттайтын жарнаманы барынша шектеуді көздейді», - деп хабарлады министрлік.
Айта кетерлігі, ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрінің жақында айтқан сөздері аралас жекпе-жек жанкүйерлері, сондай-ақ танымал қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылар арасында қызу талықыланып жатыр.