Шағын футбол: Президент Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық ұйымдарының командалары жарысты
Қазақстанның және әлемнің спорт жаңалықтарына жазылыңызБүгін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты ұйымдары командаларының арасындағы дәстүрлі спартакиада аясында шағын футболдан жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Турнирге Іс басқармасының орталық аппаратының, Медициналық орталықтың, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының, ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының, «Автошаруашылық» мекемесінің, «Бүркіт» авиакомпаниясының, Инженерлік-техникалық орталықтың, «Қазқұрылысжүйесі» ЖШС-нің, «Бурабай» ұлттық паркінің, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінің қызметкерлерінен жасақталған 11 команда қатысты.
Салауатты өмір салтын насихаттап, ұжымда командалық рухты көтеруге бағытталған тартысты жарыс нәтижесінде ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының командасы шебер ойын өрнегін көрсетіп, 1-орынды жеңіп алды.
Ақтық кезеңге дейін қарсылас шақ келтірмеген Медициналық орталықтың футболшылары соңғы сәтте ғана сүрініп, 2-орынды иеленді. ҚР ПІБ Инженерлік орталығы жүлделі 3-орынға қол жеткізді.
Жасыл алаңда тамаша ойын көрсеткен жекелей әріптестеріміз де назардан тыс қалған жоқ. Оларға арналған дербес аталымдар тапсырылды. Атап айтқанда, Махамбет Сағитов – Үздік қорғаушы, Жұмағали Әлібаев – Сұрмерген шабуылшы, Абылайхан Қадыров – Үздік қақпашы атанса, Сухраб Қоджамбердиев – турнирдің Үздік ойыншысы болып танылды.
Жеңімпаз бен жүлдегер командалар, сондай-ақ үздік деп танылған футболшылар тиісті кубоктармен және мақтау қағаздармен марапатталды.
Жыл соңына дейін жалғасатын спарткиада барысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты ұйымдары командалары спорттың 6 түрінен бақ сынайды.