Елена Рыбакина US Open жеңісінен кейін жаңа жобасын іске қоспақ
Елена Рыбакина IZI-ге берген эксклюзив сұхбатында US Open-2026 турниріндегі жеңісінен кейінгі әсерімен бөлісті. Қазақстандық теннисші мансабында үшінші рет «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жетіп, әлемнің бірінші ракеткасы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz.
US Open финалында Елена Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенконы үш сетте жеңді.
Теннисші қазіргі жеңісін мансабындағы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алған 2022 жылғы Уимблдондағы триумфымен салыстырды.
«Уимблдондағы жеңіс күтпеген жерден болды. Ол кезде маған деген назар мен қолдау өте көп болды. Қазір турда жүргеніме біраз уақыт болды, сондықтан мұндай жеңіс күтілді. Дегенмен эмоция мен назар әлі де керемет», – деді Рыбакина.
Әлемнің бірінші ракеткасы өзінің жеке өнімдер желісін іске қосу жоспары туралы да айтты. Спортшының сөзінше, әзірге нақты ұсыныстар түспегенімен, бұл бағытта келіссөздер жүріп жатыр.
Қазіргі таңда Рыбакинаның басты жобасы өзі құрған «ERA» спорт агенттігі. Теннисші агенттікті сенетін адамдарымен бірге ашқан және жас спортшыларға көмектесуге ерекше көңіл бөлмек.
«Жас спортшыларға көмектесіп, өз тәжірибемді кейінгі буынға жеткізгім келеді. Өзім жіберген қателіктер туралы айтып бергім келеді», – деді Елена.
Рыбакина жапондық спорттық бренд Yonex-пен серіктестігі аясында шектеулі топтаманы шығару мүмкіндігі туралы да сұраққа жауап берді. Теннисшінің айтуынша, әзірге мұндай жоба жоспарланып отырған жоқ. Дегенмен Елена командасымен бірге жеке мерч пен кәдесый өнімдерін шығаруды талқылап жатыр.
Елена Рыбакинаның эксклюзив сұхбатының толық нұсқасын IZI қосымшасынан көруге болады.