Рыбакина US Open финалына шыққаннан кейінгі эмоциясымен бөлісті
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің финалына шыққаннан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жартылай финалда ол рейтингте төртінші орында тұрған америкалық Кори Гауффты үш сетте 3:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Рыбакинаның айтуынша, кездесудің басы оңай болмаған. Бірінші сеттегі брейк көп нәрсені шешіп, америкалық теннисші алған басымдығын сақтап қала алды.
«Бірінші сет жаман басталған жоқ, бәрін бір брейк шешті. Әрине, қобалжу болды. Коко өте мықты ойыншы, онымен ойнау әрдайым қиын. Тіпті бірінші добы жүрмей қалған кезде де, екінші доппен қиындық тудыра алады. Сондықтан мен терең тыныс алуға, позитивті көңіл-күйді сақтауға, күресті жалғастырып, ең жақсы теннисімді көрсету керектігін өзіме еске салуға тырыстым», – деді Рыбакина корттағы сұхбатында.
Қазақстандық теннисші шешуші партияның соңына да тоқталды. Оның сөзінше, Гауфф доп берген геймде бірнеше сәтті қабылдауы бетбұрысқа себеп болған.
«Үшінші сет өте тартысты өтті. Меніңше, оның доп берген геймдерінің бірінде жолым сәл болды. Бірнеше жақсы қабылдау жасадым, Коко қателесті. Осыдан кейін жағдай тез арада менің пайдама өзгерді», – деді спортшы.
US Open-2026 турнирінің 12 қыркүйекте өтетін финалында Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкоға қарсы ойнайды.