Рыбакинаға әлемдік рейтингте көш бастауға бір қадам қалды
Бүгін Елена Рыбакина турнирдегі ең маңызды матчтарының бірін өткізеді. Бұл кездесудегі жеңіс қазақстандық теннисшіні әлемдік рейтингте көш бастауға жақындата түсуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық теннисшінің қарсыласы – Қытай өкілі Чжэн Циньвэнь. Кездесу 9 қыркүйекке жоспарланған және Қазақстан уақытымен 20:30-да басталады.
Матч қарсаңында ресейлік Sport.ru басылымы алдағы кездесуге болжам жасады. Сарапшылар өзара кездесулер статистикасына және Рыбакинаның соңғы уақыттағы нәтижелеріне назар аудара отырып, қазақстандық теннисшіге басымдық берді.
Өзара кездесулерде Рыбакина Чжэннен басым. Сонымен қатар қазақстандық теннисші екінші доп қабылдауда да тиімдірек ойнайды: ол мұндай ұпайлардың 45,4 пайызын жеңсе, қытайлық теннисшінің көрсеткіші – 42,3 пайыз. Соңғы матчтарда Елена брейк-пойнттарды да жиірек пайдалана алған.
Дегенмен Чжэн қарсыласын қабылдау кезінде қиындыққа ұшыратуы мүмкін. Қытайлық теннисші Рыбакинаның екінші добынан кейінгі ұпайлардың 49 пайызын жеңіп алған. Ал Елена қарсыласының екінші добындағы ұпайлардың 46,5 пайызын еншілеген.
Сарапшылар Чжэннің мінезіне де ерекше тоқталды. Турнир барысында Қытай өкілі мықты қарсыластары Мэдисон Киз бен Ига Швёнтекке қарсы матчтардың барысын екі рет өзгертіп, жеңіске жетті.
Соған қарамастан, болжам авторлары Рыбакинаны фаворит санайды. Статистикалық басымдықтан бөлек, қазақстандық теннисшіге әлемдік рейтингте алғаш рет көш бастау мүмкіндігі қосымша мотивация болуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, бұл қысым Еленаға өзінің әдеттегі сабырлы ойынын көрсетуге кедергі келтірмейді.