Бокс

«Головкин Альваресті бұған дейін де жеңген». Теңізбаев GGG – «Канело» жекпе-жегі жайлы ойын айтты

«Головкин Альваресті бұған дейін де жеңген». Теңізбаев GGG – «Канело» жекпе-жегі жайлы ойын айтты
news-banner7
mobile-news-top

Осы аптаның соңында көп жанкүйер асыға күткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек өтеді.

Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Prosports.kz сайтына биылғы жылдың басты бокс кеші жайлы пікірін айтты.

Сонымен қатар даңқты балуан жақында WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлының жетістігін жоғары бағалап, өзге де қазақ боксшыларына сәттілік тіледі.

Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев

Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев

«Головкин Альваресті бұған дейін де жеңген»

– Геннадий Головкиннің жекпе-жегін барлығымыз асыға күтіп жүрміз. Өзім боксшы болмасам да, спортшы ретінде Головкин Сауль Альваресті бұған дейін де жеңді деп есептеймін. Гена алдағы жекпе-жекте тағы да жеңіске жетеді деп сенемін.

Головкин Қазақстан спортының дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Көптеген жас өреннің спортқа бет бұруына әсер етті. Менің ойымша, алдағы жекпе-жекте GGG нокаутпен немесе төрешілер шешімімен жеңіске жетеді. Бұл қос боксшы арасындағы соңғы жекпе-жек болатын шығар, сол үшін Головкин барын салып Қазақ еліне жеңіс сыйлайды деген ойдамын. Барша отандасымызды Генаға жанкүйер болып, осындай тарихи жекпе-жекті тамашалауға шақырамын.

Димаш Құдайберген бауырымыздың Головкинге қолдау көрсетуге барып, Гимнімізді орындайтынын естіп қатты қуандым! Еліміздің аяулы ұлдары жұдырықтай жұмылып бір ниетте болғаны мені қатты қуантты.

«Қазақстандық барлық боксшыға сәттілік тілеймін»

Жәнібек батырдың жетістігіне де өте ризамын. Болашақта ол да Головкин сияқты АҚШ төрінде әлемді мойындатып, қазақ жігіттерінің нағыз ержүрек екенін көрсетуіне шын жүректен тілектеспін!

Сонымен қатар, Данияр Елеусінов, Батыр Жүкембаев, Айдос Ербосынұлы, Садриддин Ахмедов, Жанқош Тұраров қатарлы басқа да боксшыларымызға ел мерейін үстем ететін биік-биік жетістіктер тілеймін!

Айта кетейік, Головкин – «Канело» трилогиясы 18 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтеді. Қос боксшы бұған дейін екі мәрте кездескен. 2017 жылғы бірінші жекпе-жек тең аяқталса, 2018 жылы өткен екіншісі кездесуде Альварес төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Үшінші кездесу мөшермен елорда уақытымен таңғы сағат 8:00-де басталады. Оны Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер