«Тіпті ұлы қақпашылар да қателеседі». Марко Милошевич - өзіне айтылған сындар, негізгі құрамдағы орны мен «Астананың» еурокубоктан ұшуы туралы

«Астана» ФК қақпашысы Марко Милошевич Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында «Ракувқа» қарсы матч пен одан кейінгі хейт туралы, сонымен қатар команданың негізгі құрамындағы орнын жоғалтып алғаны және клубтың чемпион болуға мүмкіндіктері туралы пікірін бөлісті.
– Марко, сіз «Ақжайыққа» қарсы ойынға қатысқан жоқсыз. Ойынның қосалқы құрамнан қалай болғанын айтып бере аласыз ба?
- Ең бастысы, біз маңызды үш ұпайды алып, чемпиондық күресті жалғастырып жатырмыз. Ойын өте қиын болды, бірақ біз жеңіске жеттік.
- Биылғы маусымды «Астананың» бірінші нөмірі ретінде бастадыңыз, бірақ соңғы ойындарда алаңға Александр Заруцкий шығып жүр. Мұны қалай түсіндіре аласыз?
– Мен кәсіби маманмын, ұжымға көмектесу үшін аянбай еңбек етіп, жаттығамын. Бапкерлер штабының міндеті - қақпада тұратын адамды таңдау. Қазіргі уақытта олар Александрды таңдады, мен оны құрметтеймін.

- Елордалық клубтың негізгі қақпашысы мәртебесінен айырылып қалғаныңызға қатты алаңдайсыз ба? Оны қайтару үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Әрине, бұл оңай емес, өйткені бәріміз негізгі құрамда болғымыз келеді, бірақ менен әлдеқайда жақсырақ және қымбатырақ қақпашылар да қосалқы құрамда жүр. Бірде ойнап, бірде ойнамай жатсаң, бұл қалыпты жағдай.
- «Ракув» соққан сорақы гол сізді қатты алаңдатты ма, себебі «Астана» жеңіліп, Конференциялар лигасынан шығып қалды ғой?
- Қарсыластың бұл голмен есеп ашқаны мені қынжылтады. Бірақ, мен айтқанымдай, менімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы және қымбатырақ қақпашылар осындай немесе одан да жаман қателіктер жібереді. Мысалы, Де Хеаны қараңыз, олар 0:4 есебімен жеңіліп қалған (2022/23 маусымының екінші турындағы «Манчестер Юнайтедтің» «Брентфордтан» 0:4 есебімен жеңіліп қалғаны туралы - еск. Prosports.kz). Қақпашының жұмысы өте ауыр және қиын, ол жақсы және жаман эмоцияларды әкеледі. Өкінішке қарай, бұл гол маған ең қиын сәтте келді. Команда бірге жеңеді немесе жеңіледі.
– «Астананың» еурододадан ерте шығып қалуының басты себептері неде деп ойлайсыз?
– Бұл сұрақ маған емес.

– Басты бәсекелесіңізбен қарым-қатынасыңыз қандай?
- Әдеттегідей - позитив және қанағаттанарлық.

- Чемпионаттың аяқталуына 8 тур қалды, ал «Астана» «Ақтөбеден» 4 ұпай қалып келеді. Командада жағдай қандай?
- Чемпионатта әлі көп тур бар, біз үшін әр ойын финал сияқты, бәріміз осыған жұмылдық. Біз иеленуіміз керек жүлдені қайтарып алуға бірте-бірте бара жатырмыз.

– «Ақтөбе» командасын қуып жете алатындарыңызға сенесіз бе, өйткені сіздерде енді өзара кездесулер болмайды, ал ұпайлар теңессе, қарсылас бірінші орында болады?
– Олардан көбірек ұпай жинауға бар күшімізді саламыз. Лигадағы доп айырмасы бізде көбірек екенін және олармен кездесулерде есеп 1:1 болғанын атап өткім келеді.
- Жазғы трансфер кезінде елордалық клубтан кету туралы ой болды ма?
- Қазір менің бар ойым тек «Астанамен» байланысты, клубпен 2023 жылдың соңына дейін келісімшартым бар. Мен команданың алдағы мақсаттарына жету үшін бар күшімді саламын. Бірақ, әрине, ертең не болатынын ешкім білмейді.

– Соңғы кездері баспасөзде жиі сынға ұшырап жүрсіз. Бұл лайық деп ойлайсыз ба?
- Иә, оқыдым, бірақ мен дұрыс түсінсем, бұл Instagram-парақшалар болды, олар аса беделді емес, өйткені олар бір күні жаман нәрселер, ал келесі күні жақсы нәрселер жазады. Алдыма қойған мақсаттарыма жетемін деп сенемін. Чемпионаттағы матчтарда мен қатысқан 15 ойында біз бірінші орында болдық. Сондай-ақ мен ең аз гол жібердім. Тек «Ракувтан» жіберіп алған гол мен Конференциялар лигасынан ұшып кеткенімізге қапаланамын.
Фото ашық дереккөздерден