ФИФА хакерлік шабуылға ұшырады
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) сайты хакерлік шабуылға ұшырады. Салдарынан қаскөйлер ұйымның ішкі ақпараты мен жеке деректеріне қол жеткізген, деп хабарлайды Prosports.kz.
«ФИФА ақпаратты, әсіресе жеке деректерді заңсыз алу мен таратуды қатаң айыптайды. Мұндай әрекеттер жеке өмірге қол сұқпау құқығын өрескел бұзады және зардап шеккендер үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта ФИФА құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Шабуыл үшін жауапкершілікті Handsome Boy Hacking Club хакерлік тобы өз мойнына алды. Хакерлер 12 ГБ-тан астам ақпаратты ұрлап, ақша бопсалау әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін оны жариялағанын мәлімдеді. Алайда федерация таралған ақпараттың көлемін растаған жоқ.
Sky Sports журналисі Роб Харристің хабарлауынша, хакерлер жабылған FIFA Forward Enterprise (FFE) жобасына қатысты құжаттарға қол жеткізе алмаған.
Еске салайық, шілде айында ФИФА президенті Джанни Инфантино ұйым турнирлерінің коммерциялық құқықтарын басқаратын FFE компаниясын құруды ұсынған болатын. Компания акцияларының шамамен 20 пайызын инвесторларға 4,2 миллиард долларға сату жоспарланған. Алайда сын-пікірлерден кейін жобадан бас тартылды.