Ресейлік басылым Дастан Сәтпаевтың Англиядағы сәтсіз бастамасына назар аударды
Ресейлік Sports.ru басылымы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін «Бернлидің» қазіргі жағдайын бағалап, команданың мәселелері мен футболшының Англиядағы сәтсіз бастамасына тоқталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Бернли» өз алаңында қатарынан 23 матч бойы жеңіске жете алмай келеді. Осылайша, команда Англия кәсіпқой футболының антирекордын қайталады. Келесі үй кездесуінде де жеңіске жетпесе, жаңа антирекорд орнатады.
Клубтың дағдарысы бір жылға жуық уақытқа созылып келеді. 2025 жылдың қарашасынан бері «Бернли» ресми матчтарда небәрі үш жеңіске жетіп, 27 рет жеңілген және 19 кездесуде тең түскен. Англия Премьер-лигасынан шығып қалған команда Чемпионшиптің 16 турынан кейін 22-орында тұр.
«Блэкбернге» қарсы соңғы кездесуінде «Бернли» екі рет есепте алға шыққанына қарамастан, тең нәтижеге қанағат тұтты. Команданың бас бапкері Фабио Челестини шәкірттерін екінші таймдағы қателіктері мен ойын тізгінін жоғалтқаны үшін сынға алды.
Ресейлік басылым команданың қорғанысындағы мәселелерге де назар аударды. «Бернли» 16 турда 33 гол жіберген. Бұл – лигадағы ең нашар көрсеткіш. Оның 21-і екінші таймда соғылған.
Дастан Сәтпаевтың да жағдайы мәз емес. Қазақстандық шабуылшы әзірге гол соғып, нәтижелі пас бере алмады. Джейми Вардидің еншісінде бір гол мен бір нәтижелі пас болса, Зеки Амдуни үш гол соғып, бір нәтижелі пас берген. Команданың үздік сұрмергені – бес гол мен бір нәтижелі пас авторы Ларжи Рамазани.
Сондай-ақ Sports.ru «Бернлидің» есеп ашқаннан кейін жиі ұпай жоғалтатынын атап өтті. Команда жеңіске жетуге мүмкіндігі болған кездесулерде 25 ұпай жоғалтқан. Бұл – Чемпионшиптегі ең нашар көрсеткіш.