Андрей Мартин «Ордабасыдан» кеткеннен кейінгі жоспарын айтты
Шымкенттік «Ордабасы» клубының бұрынғы бас бапкері Андрей Мартин алдағы мансарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
52 жастағы маман ASnews.kz сайтына берген сұхбатында бапкерлік қызметтен үзіліс алуды жоспарламайтынын айтты. Оның сөзінше, жаңа команда таңдауда басты назарды клубтың орналасқан жеріне емес, жобаның мақсаты мен амбициясына аударады.
«Шымкенттегі жұмысымнан кейін үзіліс алуды жоспарлаған жоқпын. Барлығы ұсыныстарға байланысты. Еуропа мен үшін басым бағыт па? Шын мәнінде, мен үшін ең маңыздысы – қызықты әрі амбициясы жоғары жоба», – деді Мартин.
Молдовалық маман «Ордабасыны» екі маусым жаттықтырды. Осы уақыт аралығында шымкенттік команда оның жетекшілігімен 69 матч өткізіп, 39 жеңіске жетті. Сондай-ақ клубпен бірге «алтын дубль» жасады.
Бұған дейін отандық БАҚ-та Мартиннің Қазақстан Премьер-лигасындағы басқа клубты тізгінге алуы мүмкін екені хабарланған.
Айта кетейік, Андрей Мартин Қазақстанға келгенге дейін Молдованың «Дачия» және «Петрокуб» клубтарында жұмыс істеген.