Нұркен Мазбаев: Мақсат - барынша биіктен көріну

«Тараз» бас бапкері Нүркен Мәзбаев «Ақтөбемен» өткен матч туралы пікір білдірді.
- Кубоктық ойындар әрқашан тартысты өтеді. Қарсылас командаға кубоктык ойындарды жалғастыру үшін бүгін жеңіс қажет екендігін жақсы түсіндік. Бізде оған физикалық әрі психологиялық тұрғыдан дайындық болды. Себебі мұнда жанкүйерлердің қолдауы да өте жақсы екендігі белгілі. Команда стадиондағы фанаттардың қысымына мән бермей, жақсы төтеп берді.
Ал ойында "Ақтөбенің" шабуылына біздің қорғаушылар дұрыс тактиканы іске асыра алды. Бірақ позициялық шабуыл ұйымдастыруда бізде олқылықтар болды. Дегенмен осы кубоктық кездесулер арқылы чемпионаттағы ойындарға жақсы жағдайда ораламыз деп ойлаймын. Ал кубоктың келесі кезеңіне шығатын барлық мүмкіндігіміз бар. Әлі өзге матчтарда жеңіске жететін мүмкіндігіміз толығымен жеткілікті.
- Бауыржан Байтананың "Ақтөбеге" ауысып кетуі "Тараздың" ойынына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
- Әрине, Баджо шабуылда жақсы ойын көрсетіп жүрді. Бірақ нәтиже жалпы команданың еңбегі деп есептеймін. Өздеріңіз білесіздер, Таразда жақсы жастар өсіп келеді. Әлі талай "Бауыржандар" шығады деп сенемін. Командадағы жастар Баджоның орнын жоқтатпайды деп ойлаймын.
- "Тараздың" кубоктағы әрі чемпионаттағы мақсаты жайлы айта кетсеңіз?
- Маусым басында біздің қаржылай жағдайымызға байланысты мақсат өзгеше еді. Чемпионат барысында ойындардың көрсеткішіне қарап мақсат өзгеріп жатыр. Барынша биіктен көрінуді көздеп отырмыз.