«Бірінші матчқа қарасақ, «Осиектен» өтуге болады». Ерасыл Сейітханов «Қызыл-Жардың» Конференция лигасындағы ойыны жайлы айтты

«Жеңіс» қорғаушысы Ерасыл Сейтханов Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында «Қызыл-Жардың» Конференция лигасындағы дебюті, Ринат Алюетовпен жұмысы және «Жеңістегі» жас серіктерінің болашағы туралы пікірін айтты.
– Ерасыл, «Шахтер-Болатқа» қарсы ойын жайлы не айтасыз?
– Бұл ойындағы басты міндет тек жеңіске жету болды, біз оған қол жеткіздік. Жаттықтырушылар штабының арқасында қарсыласты ірі есеппен жеңдік. Ойынның алғашқы 20 минутында үш гол соққан жігіттердің босаңсып қалғаны көрініп тұрды, бірақ бұл заңды жағдай.
– Енді «Қызыл-Жар» жайлы айтсақ. «Осиекке» қарсы ойынды көрдіңіз бе?
– Иә, ең алдымен петропавлдық клубтың жанкүйерлерін еурокубокта дебют жасаған тарихи сәтімен құттықтағым келеді. Ойын тең деңгейде өтті, «Қызыл-Жар» жеңілді деп айта алмаймын. Матч тағдырын Премьер-лиганың бұрынғы ойыншылары Топчагич пен Кляйнхайслер шешті. Десе де, петропавлдық команда сырт алаңда қорғаныста жақсы ойнап, гол соғатын болса, келесі кезеңге өтуге толық мүмкіндігі бар.
– Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында бас бапкер Али Алиев басқа клубтарға жалға берілген ойыншыларды қарастыруға қарсы емес екенін айтты. Петропавлға қайта шақырса, ораласыз ба?
– «Қызыл-Жар» ойыншысы екенім анық, бірақ «Жеңіс» сапында ойнауға қарсы емеспін, өйткені мұнда алаңға шығып, ойын тәжірибесін алуға мүмкіндік мол. Бірақ егер мені қайтарғысы келсе, қуанар едім.
– Ринат Алюетовпен бірге жұмыс істеу туралы не айтасыз?
– Маған онымен жұмыс істеген ұнайды. Ол өте ақылды, жас, сонымен қатар қазақстандық маман. Байқасаңыз бізде негізінен шетелден келген жаттықтырушылар қызмет атқарады.
– Жас командаласың Рауль Аллахвердиевтің ойынына қандай баға бересіз?
– Жаңалықтарда бәрі оның вундеркинд екенін жазып жатыр, мен бұған толықтай қосыламын. Егер ол өзін жалғасты жақсы қырынан көрсете берсе, онда оның футбол болашағы жарқын болады.