90-жылдары өнер көрсеткен ресейлік боксшы Головкин – «Канело» трилогиясына болжам жасады
17 қыркүйекте қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасында үшінші жекпе-жек өтетіні ресми жарияланды, осыған орай әлемдегі танымал сарапшылар мен мамандар қос боксшының кезекті текетіресіне қатысты пікір білдіріп, болжам жасап жатыр.
Prosports.kz тілшісі кәсіпқой бокста сонау 90-жылдары бақ сынап, алпыстан аса жекпе-жек өткізген, ресейлік танымал боксшы Андрей Шкаликовтің («Уральский шквал» атымен де белглі) GGG-«Канело» трилогиясы туралы пікірін білді.
– Андрей Валентинович, қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің үшінші жекпе-жегі туралы хабарды қалай қабылдадыңыз?
– Дәл қазір Головкин мен «Канело» арасында үшінші жекпе-жекті өткізу туралы шешім қабылданғаны мен үшін түсініксіздеу болды. Менің ойымша, көрермен қауы баяғы боксшылардан біраз шаршады, олар жаңа текетірестерді көргісі келеді.
– Жанкүйерлер мен бокс мамандары жақында Биволдан жеңілгеннен кейін Альварес ресейлікпен реванш өткізеді деп күткен еді. Неліктен мексикалық Головкинмен үшінші жекпе-жекті таңдады?
– Биволмен реванш «Канелоға» көбірек ақша түсірер еді, бірақ менің ойымша, ол бұл оның салмағы емес екенін түсінді. Бәлкім, мексикалық Головкинмен жекпе-жек оңай болады деп есептеген болу керек. Әсіресе оның қарапайым өмірдегі салмағы GGG-ден әлдеқайда жоғары. «Канело» жеңіске жетіп, жанкүйер алдында өзін ақтауға тырысады.
– Төрт жылдық үзілістен кейін трилогияға деген қызығушылық айтарлықтай төмендеді деп ойлайсыз ба?
– «Канелоның» жақында жеңіліске ұшырағанын ескерсек, жекпе-жекке үлкен қызығушылық болады деп ойламаймын. Бивол оны таза жеңді, нокаут немесе нокдаун болмаса да, мексикалық өте көп соққы өткізіп алды. Бивол мансабындағы ең үздік жекпе-жегін өткізді.
– Қыркүйекте өтеті жекпе-жектегі Головкин мен Альварестің мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Әрине, екеуінің де мүмкіндігі зор, өйткені олар әлемдегі ең үздік боксшылардың бірі. Головкин жасы ұлғайғанымен, әлі де мықты боксшылар санатында, бірақ қалайда бірер жылдан кейін мансабын аяқтауы керек. Қазірге дейін Геннадий бокс сахнасында керемет өнер көрсетті, өте мықты қарсыластарымен кездесіп, бокс тарихында өз ізін қалдырды.
– GGG мен «Канелоның» қазіргі бокс деңгейін салыстырып көрсеңіз?
– Головкин мен «Канело» тактикасы мен техникасы жағынан мүлде басқа, бірақ деңгейі бойынша шамамен бірдей. Әрине, 40 жас белгілі бір шектеу, мен мұны жеке тәжірибеге сүйеніп айтып отырмын. Мансабымды 35 жасымда аяқтадым. Мансабымда супер орта салмақта өнер көрсеттім, бірақ соңғы жекпе-жегім жартылай ауыр салмақта өтті, ол кездесу өте ауыр болды, бірақ жеңіске жеттім.
– Жекпе-жек қалай өтуі мүмкін, ол қос боксшының алғашқы екі жекпе-жегіне ұқсас бола ма?
– Менің ойымша, екеуі де техникасы мен тактикасын түбегейлі өзгертуге шешім қабылдайды, яғни қарсыласын таң қалдыратын және оны ырықсыз жағдайға қалдыратын жаңалық ойлап табуға тырысады. Бұл жылдамдық, ринг төртіндегі қозғалыс, соққы саны мен сапасынан көрінуі мүмкін. «Канело» мен Головкин бұған дейінгі жекпе-жектерде бір-бірін мұқият зерттеп үлгерген. Екі жекпе-жек шамамен ұқсас бағытта өтті, сондықтан енді бір өзгеріс енгізу керек. Геннадий әлі де мексикалықты таңғалдыра алады деп үміттенемін. Бірақ GGG-дің жаттықтырушылар алқасы нақты нені өзгертетінін айту қиын, ол міндетті түрде жаңаша бокстасуы керек, сонда өзіне оңайырақ, көрермен үшін қызықтырақ болады. Менің ойымша, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталмай, соңына дейін созылады.