Олимпиада чемпионы АҚШ-та ем қабылдауда
Қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-та ем қабылдай бастағанын айтып, жақын арада шаршы алаңға оралуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
IBO нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионының айтуынша, ем тек тамырға дәрі жіберумен шектелмейді. Спортшы толыққанды кешенді ем қабылдап жатыр және оның бұл мәселесін шешуге көмектесетініне сенімді.
«Қазір ем қабылдауды бастадым. Бірақ бұл тек тамырға дәрі жіберу емес, толыққанды кешенді ем. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Сондықтан біреуді ренжіткенім немесе артық сөздер айтып қойғаным туралы нәрселерге мән бермеңіздер. Кімде болмайды? Менің жаман әдетім бар, ол эфирге шығу. Бірақ енді ондай болмайды деп ойлаймын, өйткені бұл дерттен арылуға шындап кірістім. Жақында қайта сапқа қосыламын. Бұрынғы көңілді әрі бақытты Данияр қайта оралады», – деді Елеусінов Instagram желісінде.
Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 19 шілдесінде Вашингтонда өткізді. Оның қарсыласы филиппиндік Джеймсон Бэкон болды. Елеусінов кездесуді екінші раундта техникалық нокаутпен аяқтады.
Қазір Олимпиада чемпионы отбасымен бірге АҚШ-та жүр. Ол сол жерде ем қабылдап жатыр.
Елеусінов кәсіпқой бокста әзірге жеңіліс тапқан жоқ. Оның еншісінде 13 жекпе-жекте 13 жеңіс бар. Оның сегізінде қазақстандық боксшы қарсыластарын нокаутпен немесе техникалық нокаутпен жеңген.
Бұған дейін Елеусіновтің Zuffa Boxing промоушенімен келісімшартқа отырғаны белгілі болған. Бұл промоушен UFC басшысы Дана Уайтпен байланысты және бокс бағытын дамытуға бағытталған.