«Астана Арландары» ресейлік қарсыластарын тас-талқан етті

«Астана Арландары» ресейлік қарсыластарын тас-талқан етті

Бүгін бокстан қазақ топырағындағы WSB жобасының жартылай финалдық кездесуі басталып, «Астана Арландары» елорда төрінде Ресей құрамасын күйрете жеңді.

Бұл – екінші жартылай финалдық кездесу. Біріншісі кеше түнде аяқталып, Куба боксшылары Мексика клубын 10:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Екінші жұпта Қазақстан және Ресей боксшылары қолғап түйістірді. Бірінші күнгі бес жекпе-жек бүгін өтіп, бесеуінде де біздің боксшылар жеңіске жетті.

49 келі:

Теміртас Жүсіпов – Вадим Кудряков – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

Теміртас шаршы алаңда қарсыласына сабақ үйретті. Жартылай кәсіпқой бокста қалай айқасу керек екендігін көрсетті. Тез қимылдап, шалт қозғалып, жоғары жылдамдығының арқасында қарсыласынан басым түсті. Бар жағынан одан асып түсті. Көзіне көк шыбын үймелетті, десек те болар. Тамаша жеңіс!

56 келі

Қайрат Ерәлиев – Андраник Григорян – 3:0 (50:45, 48:47, 49:46)

Бұл жекпе-жекте, керісінше, Қайрат қарсыласынан емтихан қабылдағандай болды. Қарсыласының аңдысын аңдып, түйгіштеп отырды. Кейде ара-қашықтықты ұстап отырып, айласын асыруға тырысса, енді бірде қоян-қолтық айқастан тайынбайтындығын көрсетті. Өзінің деңгей жоғары екендігін көрсетуге тырысқандай болды. Бұл тұрғыда мақсатына жетті деп ойлаймыз. Қарсыласының беті-аузын көгертіп, соққыға жықпаса да, деңгейінің біршама жоғары екендігін көрсете білгендей.

64 келі

Самат Бәшенов – Авак Узалян – 3:0 (49:46, 48:47, 48:47)

Самат жекпе-жекті солбыр бастады. Бірақ қарқынын үдете отырып, қарсыласын тықсырып тастады. Әрбір соққысының діттеген жеріне дөп тиюіне көңіл бөліп отырғандай болды. Артық қимыл-әрекет жасамауға тырысқандай көрінді. Тактикалық тұрғыда сауатты өнер көрсетті.

75 келі

Мейірім Нұрсұлтанов – Сухроб Сидиков – 3:0 (50:45, 50:45, 49:46)

Мейірім өзінен бойы да, қолдары да ұзын қарсыласынан үстем түсті. Әр раунд сайын қарқынын үдете отырып, әр раунд сайын басымдығын тайға таңба басқандай етіп, нақтылай түсті. Тәжірибесінің молырақ екендігін көрсете білді. Қарсыласының жаны сірі екен, Мейірімнің мығым соққыларына төтеп берді-ақ...

91 келі

Василий Левит – Виталий Кудухов – DSQ (R4, 1:36)

Василийдің дембелше қарсыласы «қайтсең де жеңіске жетуің керек» деген нұсқау алды ма екен, белгісіз... Әйтеуір, жекпе-жек басталған бетте, біздің Левитке атылды. Содан біздің Васяны жұдырықпен ғана емес, ебін тауып, шынтақпен де, маңдаймен де ұрып жығуға тырысты. Төреші оған бірнеше рет ескерту жасады.

Ал Василий бокс ережесіне сай жұдырықтасып, бірнеше соққысын дөп тигізді. Осылай, дәл осы спорт түрінен өзінің Кудуховқа қарағанда жылпыңдау, шапшаңдау екендігін көрсете де, дәлелдей де бастады.

Жеңіле бастағанын білген Кудухов шынтақпен төбелесуін жиілетті. Сөйтіп жүріп, Васяның мұрнын да қанатты. Үшінші раундта төреші оған екі рет ескерту жасап, ұпайларын шегерді. Төртінші раундта Василий оны төпелей жөнеліп еді, басқа амал таппаған Кудухов тағы да шынтағын іске қосты.

Төзімі түгесілген төреші жекпе-жекті тоқтатып, Ресей боксшысын рингтен аластатты. Негізі, төреші жекпе-жекті тоқтатпаса да, Кудухов біздің Левитті жеңе алмас еді. Біріншіден, күресіп-алысқаны болмаса, бітіргені шамалы, таяқ жеді. Екіншіден, ұпай айырмасы сол кездің өзінде-ақ ұлғайып, есеп 30:25, 30:25, 30:25 болып тұрған.

«Алаш Айнасы» интернет-порталынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или