Талғат Байсуфинов: Әлем чемпионатына іріктеу отандық футболдағы бар проблеманы көрсетіп берді
Тәжікстанмен жолдастық ойын алдындағы баспасөз мәслихатында Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін қорытындылап, алдағы матчтан не күтетінін айтты, деп жазады Prosports.kz.
- Франциямен өткен ойыннан кейін қандай қорытындылар жасалды?
– Ең алдымен барша жанкүйерлерден, халықтан кешірім сұраймын. Команданың бас бапкері ретінде нәтижеге толық жауаптымын. Ойыншыларға сіздердің қолдауларыңыз керек деп ойлаймын, өйткені бізде басқа команда жоқ. Франция кіл мықтысын алаңға шығарып, барын салғанын көрдіңіздер. Алғашқы минуттардан-ақ олар үш шабуылшымен шығып, нәтиже көрсетті.
- Франциямен ойынға Асхат Тағыберген, Сергей Малый және басқа да ойыншылар қатыса алмады. Себебі неде?
- Францияға қарсы матчқа бірнеше ойыншы қатыса алмады. Олар Қазақстанда қалды. Мәселен, Абзал Бейсебеков Тәжікстанмен өтетін кездесуге дайындалды. Бірақ кейін Абзалға ота жасау керек екенін айтты. Тағыбергеннің тізесі ауырып, Францияға бармады, Малый да микротравма алған. Қазір олар дайындалып жатыр, ертеңгі ойынға қатысуы керек. Оның үстіне, сапар ұзақ болды. Бір орында біраз уақыт тапжылмай отыру жарақаты бар футболшы үшін оңай емес. Дәрігерлермен кеңестік, олар ойыншылардың елде қалғанын құп көрді. Зайнутдинов та келді. Ойын біткен соң Щеткинге шұғыл телефон соғып, Тәжікстанмен кездесуге шақыруға тура келді. Басқа амал жоқ, футболшылар жетіспейді.
Мен бас бапкер қызметіне тағайындалғанда нақты стратегия әзірленді. Қарсыластарымыздың мықтылығын білгендіктен, бұл жағдайды пайдаланбауға қақымыз жоқ еді. Ең бірінші міндет осы іріктеуде ірі есеппен жеңілмей, лайықты өнер көрсету болды. Алайда Франциямен соңғы ойын сәтсіз аяқталды. Өте өкінішті. Барша жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Дегенмен, көзге көрініп тұрған мұның бірнеше себептері бар. Қарсыластың деңгейі де өте жоғары.
ҚФФ басшылығының екінші тапсырмасы – құрамды жаңарту болды. Ұзақ жылдан бері командадағы футболшылар ауысқан жоқ. Бізге жаңа ойыншылар керек болды. Өз тарапымыздан жауапкершілікті толық түсіндік. Іріктеу отандық футболдағы бар проблеманы көрсетіп берді. Бізде резерв жоқ. Федерация басшылығы бұл мәселені көріп, қажетті шараларды қабылдайтынына сенімдімін. Ол үшін Қазақстан чемпионатында, атап айтқанда, регламентте бір нәрсені өзгерту керек деп ойлаймын. Біз жергілікті футболшыларымызға көмектесуіміз керек. Жастарды қолдау қажет. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетовпен үнемі хабарласып тұрамыз. Шақыратын футболшыларының үшеуі ғана өз клубтарында ойнап жүр. Клубта алаңға шықпай жүрген ойыншыдан құрама сапында қандай нәтиже күтеміз? Біздің футболшылар бұл деңгейде ойнауға әлі дайын емес екенімізді жақсы түсінеді. Сондықтан мен ойыншыларымызға қолдау көрсетуді ұсынамын. Жеке басқа тиісудің қажеті жоқ. Деңгей осы, бұдан артыққа шама келмейді. Франциямен ойынды есепке алмасақ, іріктеудегі нәтижеміз жаман емес. Футболшылар шетел асып кете алмаса, онда Қазақстан чемпионатында тұрақты, бәсекелестік ортада ойнауы керек.
Осындай нәтиже үшін тағы да бүкіл елден кешірім сұраймын. Жеңістің әкесі көп, Жеңіліс қашанда жетім деп бекер айтылмаған. Жауапкершілікті өз мойныма аламын, жігіттер де пікірлерді оқып, қатты қобалжиды. Бізді Тәжікстанмен маңызды кездесу күтіп тұр. Біз болашаққа үміт артамыз.
Мені бас бапкер ретінде көргісі келмейтіндерге айтарым: менің келісімшартым осы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Орыныма жабысып отырған жоқпын. Жаңа бас бапкер келсе, мен оған ойыншылардың мінездемелері бойынша көмектесуге дайынмын. Ұлттар Лигасы туралы ештеңе айтылмады. Тәжікстанмен өткен ойыннан кейін осы тақырыпта сөз қозғаймыз.