«Жігіттер өз күшіне сеніп барды»: Бас бапкер бокстан әлем чемпионатын қорытындылады
Бокстан Қазақстан командасы Белградтағы әлем чемпионатынан бес медаль жеңіп алды. Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов алтыннан алқа тақса, Серік Теміржанов пен Махмұд Сабырхан күміс, Абылайхан Жүсіпов қола жүлдегер атанды. Құрама тізгінін жақында ғана қолға алған Қайрат Сәтжанов үшін бұл жақсы көрсеткіш екені анық. Азғантай уақытта команда жасақтап, әлем чемпионатының финалына төрт боксшы шығару оңай шаруа емес. Осы орайда, Olympic.kz бас бапкердің қорытынды пікіріне құлақ салды, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Бұл әлем біріншілігін ойдағыдай өткіздік. Сербиядағы сын тарихтағы ең ауқымды турнирлердің бірі болды. Себебі, жарысқа 87 мемлекеттен 511 боксшы қатысты. Чемпионатта бақ сынаған спортшылар қатарында бірнеше дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары бар. Осынша боксшының арасынан бес медаль жеңіп алу жақсы нәтиже деп ойлаймын. Ширек финалға дейін он боксшымыз жетті. Осы кезеңде төрешілер тарапынан бірқатар қателіктер болды. Мысалы, ағайынды Төлтаевтар қарсыласынан жеңілді дегім келмейді. Бұл бәсеке олар үшін үлкен тәжірибе», - дейді бас бапкер.

Сондай-ақ, Қайрат Сәтжанов отандық боксшылар үшін сәтсіз өткен Токио Олимпиадасынан кейін команданы әлем чемпионатына қалай дайындағанын айтты.
«Боксшылармен бірден оқу-жаттығу жиындарына кірістік. Қателіктермен жұмыс істеп, әр баланы чемпион боласың деп сендірумен болдық. Бұл жігіттердің өз күшіне сенуіне, рухтануына көмектесті. Ешкімді бөліп-жарған жоқпыз, бәріне де бірінші орын аласың деген талап қойдық. Әрқайсымыз жүлде алып қана қоймай, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленіміз деген мақсатымыз болды. Міне, осының бәрі жігіттерге оң әсер еткені анық. Әлем чемпионатына жайдан жай бармаймыз, алтынмен келеміз деген талап оларды қанаттандырды. Алғашқы жекпе-жектерін ұтқан соң, балаларда сенім пайда бола бастады. Өздеріңіз көрдіңіздер, әлем, Олимпиада және Азия чемпиондарын біздің боксшылар бірінші кезеңде ұтып алды. Мәселен, Белградта ең көп жекпе-жек өткізіп, алты рет шаршы алаңға көтерілген Серік Теміржанов әлемнің де, Азияның да мықтыларын ұтты», - дейді Қайрат Сәтжанов.

Бас бапкер команданың жеңісіне ерекше үлес қосқан боксшылары да атап өтті.
«Әлем чемпионатына барлық жігіттер де бабында барды. Алайда, алтын медаль алған Теміртас пен Сәкенді ерекше атап өткім келеді. Әсіресе, ақтық сында Сәкен Бибосыновқа психологиялық тұрғыдан қиын соқты. Өйткені, АҚШ және Қазақстан командасы медаль саны бойынша иық тірестіріп келе жатыр еді. Жалпыкомандалық есепте Американың алдын орау үшін бізге мейілінше жеңіске жету керек болды. Осы орайда, Сәкен дер кезінде жиналып, финалды жақсы өткізіп шықты. Токио Олимпиадасынан кейін бірден тұғырға шығу оңай емес», - деді ол.

Сондай-ақ, Қайрат Сәтжанов Махмұд Сабырханның финалдағы жекпе-жегіне де өз бағасын берді.
«Махмұд өте жас спортшы. Өзі әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, финалға дейін сүрінген жоқ. Оның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Белградтағы Махмұдтың өнерін бәріңіз де көрдіңіздер. Ақтық айқасқа дейін ол барлық қарсыласын қоғадай жапырды. Ал нағыз шешуші сында ол асығып кетті. Асығыстық салдарынан біздің, яғни, бапкерлердің айтқанын тапсырмасын толық орындай алмады. Төрешілер жеңісті қарсыласқа беріп қояды, тезірек ұтуым керек деген ой басым болды онда.Сондықтан, бұл әлемдік додадан үлкен ой түйгені анық. Махмұд Сабырхан алға қойған мақсаттары биік боксшы. Келесі әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында алтын аламын деп, осы бастан нақты жоспар құруда», - дейді бапкер.

Әлем чемпионатында орта және ауыр салмақтағы боксшылардың жүлдеге ілікпеу себебін бас бапкер тәжірибенің аздығымен түсіндірді.
«Өкінішке қарай, орта және ауыр салмақтағы боксшыларымыз жеңіліп қалды. Бірақ олар қарсыластарына ірі есеппен жол берген жоқ. Бәрі де соңын дейін күшін салды. Негізі, көпшілігі үшін бұл өздері қатысып отырған алғашқы әлем чемпионаты. Сондықтан, осыдан тәжірибе жинап, келесі әлемдік сында ауыр салмақтағы боксшылар да қуантады деп ойлаймын. Ал 71 келіде сынға түскен Асланбек Шымбергенов психологиялық тұрғыдан қателік жіберді. Оны жеңген украиналық боксшы түбінде әлем чемпионы атанғанын көрдіңіздер. Бек Нұрмағамбет болса, кәсіби бокста әуесқой спортқа тез бейімделе алмады. Соның салдарынан ұтылды», - деді Қайрат Сәтжанов.