«Көзімнен жас ағып, зілтемір көтеретінмін. Бапкерлер оны жасыруға тырысты»
Ауыратлет Раушан Мешітханова биыл Азия чемпионатында бесінші орын алды. Құрлықтық жарыста жүлдегер қатарынан көрінбеуіне бірнеше жағдай кедергі болған. Біріншісі - қолын жарақаттап алуы, екіншісі - құрама бас бапкерімен қарым-қатынас.
Раушан Мешітханова Prosports.kz тілшісімен әңгіме барысында қазір ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасында болып жатқан былықтың бетін ашты.
- Раушан ханым, әңгімемізді өзіңізден бастайық. Ауыр атлетикаға қалай келдіңіз? Неге осы спорт түрін таңдадыңыз?
- Ауыр атлетикаға 2008 жылы келдім. Қызылордадағы облыстық спорт интернатына түстім. Жасым 13-те еді. Ауылдағы сыныптастарым арқылы бардым. Сол кезде Илья Ильин Олимпиада чемпионы болған. Сыныптастарымнан естіп, қызығып бардым. Икемім келген соң спорт интернаты емтихансыз қабылдады. Алғашқы бапкерім Арман Әбдіреев болды. Сол интернаттың бас жаттықтырушысы еді. Жеңіске жетіп, еліміздің атағын шығарғым келді. Ауылдың қарапайым қызымын, арман қуып жүрген кезім.
- Жеке бапкерлеріңіз туралы айтсаңыз?
- Қазір, өкінішке қарай, Қызылорда атынан шықпаймын. Өйткені, 2012 жылы интернатты бітіргеннен кейін залға келсем, бапкерім Арман Әбдіреев «Қай бапкермен жұмыс істейтініңде шаруам жоқ, кет» деді. Аттестатымды алған кезде мені солай шығарып салды. Сөйтіп, ешкім шақырмаса да, Алматыға бардым. 2012 жылы спорттан кетуім керек болды, себебі оқуға түсуге үлгермей қалдым. Алматыда мен жақсы білетін Гүлназ Наурызова деген ауыратлет өзінің бапкері Данияр Өтешевке алып барды. Ол мені қарамағына алып, колледжге түсірді.
Сол кездері Арман Әбдіреев екеуіміздің арамызда кикілжіңдер басталды. 2014 жылы Данияр Өтешев өмірден озып, мен Дәурен Бекмұхамбетовтің қолына өттім. Қазір сол кісімен жаттығамын. Бекмұхамбетов қандай көмек керек болса да, қол ұшын созды.

- Енді ұлттық құрамаға тоқталсақ. Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасына қашан келдіңіз?
- 2018 жылы ақпанда құрамаға келдім. Ол кезде елімізде допинг дауы қатты болып жатқан. Чемпионатты жеңгеннен кейін бақылауда болып, допинг сынақ тапсырып тұруым керегін айтты. Бір жыл көлемінде допинг тапсырып жүрдім. Ол болмаса, құрамаға қабылдай алмаймыз деді. Барлық сынамам таза болды. Кейін Қазақстан ашық чемпионатын жеңіп алдым, содан соң Юрий Мельников мені өзіне алды.
- Қазақстан чемпионатында жақсы өнер көрсеттіңіз. Ал Азия чемпионатында жүлдеге іліге алмадыңыз. Сәтсіздікке не себеп болды?
- Жарысқа жарақатпен қатыстым. Бәрін басынан бастап айтып берейін. Карантин жеңілдегеннен кейін бәріміз жиналдық. Жаңа бапкер Бақыт Ахметов келді. Ол өзі ғана келмей, мен кезінде жанжалдасып қалған Арман Әбдіреевті алып келді. Әбдіреев әйелдер құрамасының бас бапкері болды. Ерлер құрамасында Сергей Седов бас бапкер болып қалды. Жаңадан келгендер өзінің командасын әкелді. Жиын солай басталды, мен Арман Әбдіреевпен жаттығатынымды білдім. Істің соңы жақсылықпен бітпейтінін сездім. Ол адам маған қанша қысым көрсетті, мен Алматының атынан шыққан кезімде де бәрінің көзінше маған былапыт сөздер айтып, масқаралаған. «Қай жерге дейін баратыныңды көрерміз» деген.
Азия чемпионатының алдында маған 87 келіге дейінгі салмақта шығасың деп айтты. Ал мен 81 келіде шығып жүргенмін. 2019 жылы осы салмақта Азия чемпионатында «қола » алдым. Бірақ ол кезде маған «Басты ауыртпа, бір салмақта екі адам болмайды» деді. Сөйтті де, менің орныма жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Дмитрий Чурсиннің қызы Карина Кузганбаеваны қойды. Мені 87 келіге жіберді.

- Сол кездерде жарақат алдыңыз ба?
- Чемпионат алдында қолым ауыра бастады. Бірден құрама бапкеріне жарақатым барын айттым. Ештеңе істемеді, жаттығу жасата берді. Кейде алдына жылап та бардым, қолымды емдегім келді.
Бірде Карина Кузганбаеваның тізесі ауырды, сол кезде аға бапкер жүгіріп барып, бір апта емдетті. Ауыр зілтемір көтертпет. Ал мен көзімнен жасым ағып, 100-110 келі зілтемірлерді көтеріп жүрдім. Сөйтіп, кейін амал жоқ, қолыма гипс салдырдым. Тек Азия чемпионаты алдында шештім. Жарысқа сол жарақатыммен шықтым. Бапкерлер оның бәрін жасырды. Біреуге айтқанымды қаламады.
- Қазір қолыңыз қалай? Жарақаттан айықтыңыз ба?
- Алматыда ем алдым. Қазір физиотерапия мен жаттығудың ортасында жүрмін. Бір саусақтың сіңірі үзіліп кеткен, төрт саусақтың бұлшықеті жыртылған. Содан жүктің бәрі сүйекке түскен. Қолымды гипстегеннен кейін бір апта өтпей жатып Арман Әбдіреев «Жаттығуға қосыл, Азия чемпионаты жақындап қалды. Басымды қатырмады» деді. Дәрігер де, бапкер де іскен қолымды көрді, бірақ жарысқа қатыстырды.
Құрамада үндемей, тыныш жүрсең, жалақыңды береді де, саған да ешкім үндемейді. Бапкерге барып, «Ағай, мынау дұрыс емес» деп шындықты айтсаң, саған күн көрсетпейді. Өмірде де, жаттығуда да қысым көрсетеді. Жаттығудан кейін бөлмемізге ұйықтауға кетеміз. Сағат 11-ден кейін тексеріс басталады. Кейде түнгі 1-де тексеретін, есікті ашпасаң, оны сындырып кіруге дайын тұрады. Басымнан ондай жайттар болды.

Азия чемпионатына қолы ісіп шыққан
- Неге шүйлігіп жүр?
- Мен үндемей қалмай, қарсы тұрамын. Оның үстіне қазір Мельников кезінен қалған мен ғана. Таяуда дәлізде жаңа бапкер Бақыт Ахметовтің сөзін естіп қалдым. Біреуге «Мельниковтен қалғандардың көзін құртамын» деп жатты.
- Қазір Қазақстан ауыр атлетика федерациясында дау-дамай болып жатыр. Ауыратлеттер жақында Сергей Седовті жаттығуда ұрады, жалақымызды тартып алды деп айыптаған. Сіздің басыңызда ондай жағдай болмады ма?
- Менің басымнан ондай жағдай өткен жоқ. Бірақ сондай жағдайға тап болған қыздар барын білемін. Олардың аты-жөнін айта алмаймын, өз шындығын өздері айтсын. Менің құқығым жоқ. Мұндай айыптаулар жайдан-жай айтылмайды. Айыптаған әріптестеріме сенемін, себебі қашаннан бері жүйе өзгерген жоқ. Кім келсе де, өз командасымен, өз спортшысымен келеді.
Мен секілді қысым көргендер бар. Бірақ олар үндемейді. Себебі көбі жастар, сондықтан ештеңе айтпайды. Қазір құрамада 2000, 2003 жылғы балалар жүр.
Мен де бұрын қарсы шыға алмайтын едім. Себебі бәрі жабылып, аузыңды жауып тастайды. «Не айтқанымызды істейсің, не құрамадан кете бер» дейді. Әдейі жаттығуда жүктемені арттырады, белім не қолым ауырып тұр десең, естімегендей болады. Кейде былапыт сөз айтады. Кейде «актрисасың» деп мысқылдап күледі. Меніңше, құрама бапкерлері маған қысым көрсетіп, командадан өзім кеткенімді қалады.

- Федерацияда ұнамай қалған спортшыдан жалған допинг тауып, шеттетіп тастайды деген де айып болды. Бұл мүмкін бе?
- Бұған не себеп екенін білмеймін, бірақ ондай жағдайлар болғанын естігенмін. 2014-2016 жылдары сондай жағдайлар болып, ауыратлеттерге қысым көрсетілгенін естідім. Мұндай жағдайға тап болған адамдар үндемей отыр. Солар осы оқиғасын айтып беруі керек.
- Раушан ханым, Токио Олимпиадасына дейін ұлттық құраманың бас бапкері Бақыт Ахметов сұхбатында сізді және Зүлфия Чиншанлоны жазғы Олимпиада ойындарына барады деген болатын. Бірақ Токиоға Зүлфия ғана барды...
- Оның бәрі өтірік, тек сөз жүзінде болған нәрселер. Мен мүлде жоспарда болған жоқпын. Себебі жарақат алса да, ақсап қалса да, Чиншанло баратынын бәрі білді. Оны бапкердің бәрі білді. Кейде бәріміздің телефонымызды жинап алатын, бірақ Зүлфияға тиіспейді, Арли Чонтейге тиіспейді. Жаттығу бәрімізге бірдей басталады, бірақ Зүлфия қалаған уақытында келеді. Біз екі-үш жаттығу істейміз, Зүлфия бір жаттығу ғана істейді.
- Құрамадағы былықтар туралы айтып жатырмыз. Бәрі Альберт Линдердің өлімінен кейін басталды. Альбертпен таныс па едіңіз?
- Иә, таныс болдым. Қанша жерден чемпион болып жүрсе де, қарапайым жігіт еді. Сәлеміміз түзу болатын. Ол ұлттық құрамадан 2018 жылы кетті, мен сол жылы бардым. Аз уақыт бірге болдық. Жаттығу барысында Седовтің оған айғайлап жатқанын өз көзіммен көрдім. Нұсқау беріп айғайлау бөлек, «Қайда барасың?» деп ұрысқаны бөлек. Қысым болғанын өзім де көрдім.

- Қазір федерациядан жалақы алып отырсыз ба?
- Жоқ, жылдың басында қаражат жоқ деді. Бірақ екі күн бұрын командаласым хабарласып, кейінгі үш айға 615 мың теңге түскенін айтты. Ал маған бір тиын да түспеді. Федерация да, бапкерлер де түсіндірген жоқ. Команданың директорына хабарластым, жауап бермейді. Кейін бас бапкер Бақыт Ахметовке хабарласып едім, «иә, иә» деді де қоя салды. Мен ешқандай тәртіп бұзған жоқпын, бірақ маған ешқандай ақша бермеді.
- Қазір сонда қайдан жалақы аласыз?
- Алматы қаласы спорт басқармасы жалақы төлейді. Сосын Ұлттық Олимпиада комитетінен аламын.
- Алда қандай жоспарлар бар?
- Егер құрамада бұл адамдар қалса, әрі қарай не боларын білмеймін. Әлем чемпионатына баратын бес адамның тізімі бар, бірақ ол қалай іріктелгенін білмеймін. Қазір бар ойым - келесі жылы Азия ойындарына қатысу. Бірақ 87 келіде емес, 81 келіде қатысқым келеді. Сол салмақта жүлде ала аламын деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға көп рақмет! Жарақатыңыздан тез айығыңыз!
- Сізге де көп рақмет!
Суреттер Раушан Мешітханованың жеке мұрағатынан, olympic.kz сайтынан