Ауыр атлетикадан ұлттық құрама бапкері Азия ойындарына баратын құрамды іріктеу жайлы пікір білдірді
Қазақстандық ауыр атлеттер Үндістанның Гандинагар қаласында өткен Азия чемпионатынан кейін, алда өтетін халықаралық жарыстарға дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Азия және Қазақстан чемпионатын қорытындылап, спортшылардың қазіргі жағдайына тоқталды. Сондай-ақ 2026 жылы өтетін жазғы Азия ойындарына спортшыларды қалай іріктейтінін айтты.
- Азия чемпионатындағы спортшылардың өнеріне қандай баға берер едіңіз? Жалпы жарыс қалай өтті? Қандай тұстарда кемшіліктер байқалды?
- Азия чемпионатына төрт спортшыны апардық. Негізі екінші құрамнан үш атлет баруы керек еді. Бірақ соңында негізгі құрамнан Александр Уваровты қостық. Сол спортшы ғана жұлқа көтеруден қола жүлде алды. Жалпы алғанда, балуандарымыз үздік бестікке енді. Азия чемпионатында Қытай, Солтүстік Корея секілді өте мықты құрамалар бар екенін ескеру керек. Сондықтан өнерімізге бес балдық жүйемен төрт деген баға берер едім. Себебі кей спортшылар мүмкіндігін толық пайдалана алмады. Мысалы, Хребтов серпе көтеруде жүлдеге таласа алатын еді. 192 келіні екі рет көтеруге мүмкіндік алды, алайда екеуінде де сәтсіздікке ұшырады. Негізі бұл салмақты жаттығуда көтеріп жүрген. Александр Уваров та өз мүмкіндігін толық пайдаланғанда, серпе көтеруде күміс, жалпы есепте қола алар еді. Сұлтан Мейрам да жаттығуда 211-215 келіні көтеріп жүрген болатын. Бірақ жарыста 211 келіні еңсере алмады. Жалпы нәтиже жаман емес, көңіл көншітеді.
- Сондай-ақ Нұрғиса мен Чуркиннің қазіргі жағдайы қалай? Олар қашан толыққанды жаттығу мен жарысқа оралады? Сондай-ақ қазір жарақатынан емделіп жатқан тағы да басқа спортшылар бар ма?
- Нұрғиса мен Чуркиннің жағдайы жақсы. Нұрғиса шамамен 70 пайыз бабына келді. Ал Чуркинді 40-50 пайыз дайын деуге болады. Онымен асықпай жұмыс істеп жатырмыз. Алдымызда әлі үш ай бар. Екеуін де Азия ойындарына тыңғылықты дайындап жатырмыз. Ал өзге спортшылар арасында жарақат алғандар жоқ.
- Турнир барысында еліміздің бірнеше рекорды жаңарды. Мұны команданың қазіргі дайындығының көрсеткіші деуге бола ма? Жалпы ел чемпионатын қорытындылап өтсеңіз.
- Иә, Қазақстан чемпионатында бірнеше ел рекорды жаңарды. Бірақ бас бапкер ретінде оған аса мән бере бермеймін. Себебі біз халықаралық жарыстардағы нәтижеге, қарсыластардың деңгейіне қарап жұмыс істейміз. Соған сай оқу-жаттығу жиындарында тапсырма береміз. Бұрын Түркістан облысында ауыр атлетика кенжелеп тұрған еді. Қазір федерация мен спорт мектептерінің қолдауының арқасында жақсы спортшылар шығып келеді. Мысалы, 79 келіде Нұрасыл Арапбай мен Бекназар Құлназаров секілді жігіттер бар. Сондай-ақ 60 келіде өзім жылдың басынан бері қарап жүрген Әлішер Тұрғанбай бар. Қазақстан рекордын жаңартып, 60 келіде топ жарған. Қалғандарының бәрі құрама сапында жүрген жігіттер. Олар өз деңгейлерін дәлелдеуі тиіс еді.
- Бір салмақта бірнеше мықты спортшы бар. Азия ойындарына ұлттық құраманың құрамы қалай жасақталады? Қосымша бақылау жарыстары немесе іріктеу сындары өткізіле ме?
- 1 тамыздан бастап жаңа салмақ дәрежелері енгізіледі. 95 келіде Нұрғиса Әділетұлымен бәсекелесетін спортшы әзірге жоқ. 110 келіде де жағдай осыған ұқсас. Ал 85 келіде 4-5 мықты спортшы бар. Қазір Қазақстан чемпионатын көрдік. Оның алдында Мысырда өткен жастар арасындағы жаттығу жиынына қатысып келген Ерасыл Сәулебеков бар. Одан бөлек, Александр Уваров және Едіге Ембердіні атап өтуге болады. Қазақстан чемпионатынан кейін Азия ойындарына қатысуы мүмкін құраманың 80 пайызын анықтап қойдық. Бірақ Азия ойындарына бес спортшы қатысады. Әр салмақта бір ғана атлет бақ сынайды. Сондықтан алдағы жиында бәрін тағы бір рет қарап, маусым айының соңында шешуші жаттығу өткіземіз.
- Алдағы Азия ойындарында қазақстандық зілтеміршілер қанша салмақ дәрежесінде бақ сынайды?
- Қазір шамамен 65, 70, 85, 95, 110 келі салмақ дәрежелерін қарастырып жатырмыз. 70 келіге дейінгі салмақта Анатолий Савельев өнер көрсетуі мүмкін. Жиын барысында қандай нәтиже көрсететінін байқаймыз.
- Қазіргі таңда нақты баратын спортшылар анықталды ма? Қай спортшылар салмақ дәрежесін ауыстыруы мүмкін?
- Жоғарыда айтып кеткендей, тамызда салмақ дәрежелері өзгереді. Бірақ 110 келі салмақта Артем Антропов қалады. 95 келіде де аса бір қиындықтар болады деп ойламаймын. Ал 88 келі 85 келіге ауысатындықтан, спортшылар салмақ тастайды. Бір ай бойы олардың жағдайын, нәтижесін бақылап, соңғы шешімді содан кейін қабылдаймыз. Сондай-ақ 79 келі 75 келіге ауысады. Қалған салмақтар өзгеріссіз қалады.
- Алдағы оқу-жаттығу жиындары қай жерде өтеді? Команданың алдағы жоспары қандай? Дайындық барысында қандай бағыттарға басымдық беріледі?
- 25 мамырда Өзбекстанға келдік. Қазір осында жергілікті құрамамен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бұл жиын 11 маусымға дейін жалғасады. Биыл шетелде өтіп жатқан алғашқы оқу-жаттығу жиыны. Кейін 12-29 маусым аралығында Түркияға барамыз. Сол жерде шешуші жаттығу өткізіп, Азия ойындарына қатысатын спортшыларды белгілеп қоямыз. Қазір басты мақсат – жарақатсыз дайындалып, Азия ойындарына жету. Одан кейін лицензиялық әлем чемпионаты басталады, онда Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады. Желтоқсан айында тағы бір лицензиялық халықаралық жарыс өтеді. Сондықтан біз үшін Азия ойындарымен қатар әлем чемпионаты да аса маңызды. Ең бастысы – негізгі құрамдағы спортшыларды сол жарыстарға жарақатсыз апару.