Басқа

Қазақстандық паралимпиадашылар үшін бәсеке аяқталды

news-banner7
mobile-news-top

Бүгін қазақстандық паралимпиадашылар Токиода өнер көрсетуін аяқтады. XVI жазғы Паралимпиадаға Қазақстан өз тарихында ең көп спортшы апарып, ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Біздің делегация бір алтын, үш күміс және бір қола медальмен жалпы командалық есепте 51-орынға тұрақтады.

54 килоға дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан пара пауэрлифтингші Давид Дегтярев чемпион атанып, қоржынымызға алғашқы жүлдені салды. Давидтің үздік көрсеткіші 174 килограмм. Осы спорт түрінде сынға түскен отандастарымыз Раушан Қойшыбаева, Алина Солодухина, Рахмеджан Хамаев үздік бестікті қорытындылады. Бір алтынға қол жеткізген қазақстандық пара паруэрлифтингшілер 26 құраманың ішінде 7-орын алды.

«Ниппон Будокан» біздің пара спортшылар үшін ең сәтті аренаның бірі болды. Аталған кешеннің татамиінде Әнуар Сариев (60 килоға дейін), Теміржан Дәулет (73 келіге дейін), Зарина Байбатина (70 килодан жоғары) күміс жүлдегер атанып, мерейімізді тасытты. Жалпы қазақстандық парадзюдошылар үш күміс жүлдемен бұл спорт түрінде жүлде алған 22 елдің ішінде 7-орынға ие болды. Көш басында 6 алтыны бар Әзірбайжан тұр.

Осымен екінші Паралимпиадада пара жүзушілеріміз жүлдесіз қалмады. 100 метрге брасс әдісімен жүзуден S-13 санатында (көз жанары зақымданған) Нұрдәулет Жұмағали қола жүлде еншіледі. Жапониядағы төрт жылдықтың басты бәсекесінде бір қола жүлдеге ие болған пара жүзушілеріміз медаль алған 35 мемлекеттің арасында 30-сатыға тұрақтады.

Енді ертең кешке 24 тамызда жалауы желбіреген Токио-2020 Паралимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан делегациясы Токиоға 7 спорт түрінен 26 (10 әйел, 16 еркек) атлет аттандырды. Оның ішінде ең көп спортшы суда жүзу мен дзюдодан (7 спортшы). Сонымен қатар еліміздің спортшылары алғаш рет параканоэ мен паранысана көздеуден жолдама иеленгенін атап өткен жөн.

Токио Паралимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар:

Пара жүзу - Сиязбек Далиев, Нұрәли Советханов, Зүлфия Ғабидулина, Роман Агалаков, Әлия Рахымбекова, Нұрдәулет Жұмағали, Ержан Сәлімгереев;

Парадзюдо – Аманжол Жанбота, Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Даяна Федосова, Әнуар Сариев, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Өтепов;

Парапауэрлифтинг – Раушан Қойшыбаева, Давид Дегтерев, Рахмеджан Хамаев, Гүлбану Әбдіхалықова, Алина Солодухина;

Паратаеквондо – Нұрлан Домбаев, Нышан Өмірәлі, Кәмиля Досмалова;

Пара жеңіл атлетика – Дастан Мұқашбеков, Салтанат Әбілхасымқызы;

Пара каноэ – Бейбарыс Спатай;

Пара нысана ату – Айсұлу Жұмабаева.

Түпнұсқасы: gov.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер