Чемпиондар лигасы: «Қайрат» Сербияда Златан Ибрагимовичтің көмегін пайдалана ала ма?

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» Сербияда Златан Ибрагимовичтің көмегін пайдалана ала ма?
news-banner7
mobile-news-top

Шілденің 28-інен 29-ына қараған түні алматылық «Қайрат» Сербия астанасы Белградта жергілікті «Црвена Звездаға» қарсы Чемпиондар лигасы аясында матч өткізеді, деп жазады Prosports.kz.

Екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойыны Алматыда өтіп, 2:1 есебімен «Қайраттың» пайдасына аяқталды. Алаң иелері сапынан Хосе Канте мен Фрэнк Баньяк гол соқты.

Бірнеше күн бұрын бас бапкер міндетін атқарушыдан команда тізгінін ұстайтын маманға ресми тағайындалған Кирилл Кекер шәкірттеріне сырт алаңда кемі тең нәтиже керек. Сәтсіз нәтиже көрсетсе Чемпиондар лигасынан шығып, Еуропа лигасының үшінші кезеңіне түсіп қалады. Биылғы маусымнан бастап еурокубоктарда қонақта соғылған голдың басымдығы жойылды. Алматыда Дино Микановичтің сербтерге «сыйлаған» дәл соққысы «Црвена Звезданың» жыртығына жамау бола қоймас.

Серб жерінде «Қайратта» есеп басымдығымен қатар, тағы бір фактор бар. «Црвена Звезданың» стадионы «Райко Митичке» 14 жастан кіші жанкүйер ғана кіре алады. Ақпан айында серб клубының жанкүйерлері «Милан» шабуылшысы, аладоптың тірі аңызы Златан Ибрагимовичтің тегіне қатысты тіл тигізіп, жаза басты. УЕФА қарсы іс қозғап, 30 мың еуро айыппұл салып, бір матчты көрерменсіз өткізуге міндеттеген. 14 жастан жоғары жанкүйерсіз өтетін матч «Қайратпен» кездесуге дәл келіп тұр. Осылайша, швед футболшысы қазақстандық команданың Чемпиондар лигасының үшінші кезеңге жолдама алуына «жағдай жасап бергені» бар. Әйтпесе, бүкіл әлемге танымал қызуқанды серб жанкүйерлері стадионды қарсылас үшін тоқсан минуттық тозаққа айналдыратынын жақсы білеміз.

Бір қынжылтатыны, «Қайраттың» құрамы әлсіз күй кешуде. Алматыдағы матчтың алғашқы таймында Небойша Косович пен капитан Ғафуржан Сүйімбаев жарақат алды. Стас Покатиловтан коронавирус анықталды. Негізгі құрамның үш футболшысы да Белградта командаға көмектесе алмайды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер