Бокс

Қазақ боксшыларынан Олимпиадада қандай нәтиже күтеміз?

Қазақ боксшыларынан Олимпиадада қандай нәтиже күтеміз?
news-banner7
mobile-news-top

Төрткүл дүние назарын өзіңе аудартып, жарты айдан астам уақыт көгілдір экранға телміртетін Олимпиада ойындары басталды. Коронавирус кесірінен биыл өткелі отырған Токиодағы аламан жарысқа елімізден 97 спортшы аттанды. Солардың ішінде тоғыз спортшы бокс бәсекесінде сынға түседі. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан алты Олимпиадаға қатысып, барлығы 69 медаль иеленсе, соның 22-іне шаршы алаңда қол жеткізген. Ашығын айтсақ, алғаш рет қазақ боксшылары бірде-бір салмақта фаворит емес. Дегенмен, спортшылар мансабында ең үздік саналатын додада боксшыларға ғана үлкен үміт артамыз. Prosports.kz Токиода ел намысын қорғайтын қазақстандық боксшылардың соңғы кездегі аяқ алысын еске түсіріп, Олимпиададағы басты қарсыластарына көз жүгіртті.

52 келіге дейін - Сәкен Бибосынов

Олимпиададағы ең жеңіл салмақта Қазақстан атынан рингке Сәкен Бибосынов шығады. 24 жастағы спортшы соңғы Азия және әлем чемпионаттарында қола жүлде еншілеген. Екі бәсекеде де үндіс боксшысы Амит Пангал Сәкенді финалға өткізбеді. Алғашқы жекпе-жекте жерлесіміз пуэрто-риколық Янкиель Риверамен қолғап түйістіреді. Бұл боксшы жайлы ақпарат табу да қиын, мансабында жеткен жетістігі жоқ. Сол себепті Сәкен алғашқы қарсыласынан сүрінбейді деп ойлаймыз. Әрі қарай қай межеге дейін барары жеребеге байланысты. Ал, бұл салмақта сөзсіз фаворит өзбек боксшысы Шахобиддин Заиров. Бразилияда өткен соңғы Олимпиада чемпионы. 28 жастағы Шахо биыл Дубайдағы Азия біріншілігінде топ жарды. Оның басты бәсекелесі - Сәкенді екі ірі додада жеңген Пангал болмақ.

Рио Олимпиадасының чемпионы - Шахобиддин Заиров

Әйгілі Болат Жұмаділовтан кейін бұл салмақта ешбір қазақ боксшысы биіктен көрінбеді. Олимпиада алтынын таққан қаракөз табылмады, сол Болат екі рет «күмісті» қанағат етті.

57 келіге дейін - Серік Теміржанов

Қазақстан екінші рет бокстан Олимпиадада топ жарған салмақ. Қысқа ғұмырында қазақ боксында есімін өшпестей қалдырған Бекзат Саттарханов 2000 жылы Сидней Олимпидасында алтын жүлде еншілеген еді. Содан бері бұл салмақ қазақ боксшыларының оң жамбасына келе қоймады. Жартылай финалға жеткен боксшы көрмедік. Жасыратыны жоқ, Токиода да кіл мықты жиналған.

24 жастағы павлодарлық Серік Теміржанов соңғы Азия чемпионатында бірінші кезеңде финалға дейін барған ирандық Даниял Шахбахштан жеңілді. Сарапшылар өзбекстандық Миразизбек Мирзахалилов үздік шығады деп болжап отыр. Бірақ, үш дүркін әлем чемпионы кубалық Ласаро Альварестің де айтары бар секілді. 30 жастағы тәжірбиелі боксшының Олимпиадада жолы болмай-ақ қойды. Лондонда, Риода қола медаль алды. Серік 24 шілде күні 1/16 финалда венгр боксшысы Роланд Галоспен кездеседі.

63 келіге дейін - Зәкір Сафиуллин

34 жасқа дейін бар жетістігі Азия чемпионатының екі күміс жүлдесі ғана болып тұрған Зәкірден басқа боксшы бұл салмақта табылмады. Биыл Дубайдағы Азия біріншілігінің ширек финалынан қайтты. 2019 жылы әлем чемпионатына қатысып, кубалық Энди Крустан жеңілді. Кубалықты көбі Токио Олимпидасының жеңімпазы ретінде көреді. Жалпы, осы салмақта қазақ боксшылары Олипиадада жиі сүрінді. Тек, 2004 жылы Серік Елеуов Афиныда үшінші орын иеленді.

69 келіге дейін - Абылайхан Жүсіпов

2004 жылдан бері төрт талантымыз (Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов) бұл салмақтың бас жүлдесін ешбір елге ұстатқан емес. Әйткенмен, құрама бас бапкері Ғалымбек Кенжебек 69 келіні «қазақ салмағы» деп айтуға қарсы екенін аңғартты.

Аталмыш салмақта сынға түсетін Абылайхан Жүсіповке ауыр жүк артылары түсінікті. Қарағанды тумасына жеңісті жолды жалғастыру қиынға соғады. Екі рет әлемдік додада «қола» еншілеген 24 жастағы боксышымыздың жапон жеріндегі қарсыластары мықты. Әлем чемпионы ресейік Андрей Замкавой, биылғы Азия чемпионатында үздік болған өзбек Бобо-Усмон Батуров бар. Англиялық Пэт Маккормакты да есептен шығаруға болмайды. Үш боксшыға да Жүсіпов есе жіберген. Қазақ боксының ең олжалы салмағында Абылайхан жерге қаратпайды деп сенеміз.

75 келіге дейін - Әбілхан Аманқұл

Алты Олимпиадада бір күміс медаль (2004, Геннадий Головкин) ғана бұйырған салмақта Әбілхан Аманқұл бәсеке майданына түседі. Токио төріндегі турнир барысында 24 жасқа толатын Әбілханды соңғы кезде жарақат әбден мазалады. Бірақ, Ғалымбек Кенжебектің сөзіне сенсек, қазір боксшы толық дайын. Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахметті ұлттық құрамадан ығыстырып, кәсіпқой боксқа кетуіне мәжбүр еткен Әбілханды көпшілік Токиода медаль алады деп топшылайды. Украина үміт артып отырған Александр Хижняк, әлемнің вице-чемпионы филиппіндік Эумир Марсьяль, әлем чемпионы Глеб Бакши Әбілханның басты қарсыластары. Әбілхан жарыс жолына 1/8 финалда қосылады. Онда грузин Гиорги Харабадзе пен өзбек Фанат Кахрамонов жұбының жеңімпазымен жолығады.

81 келіге дейін - Бекзад Нұрдәулетов

Токиоға аттанған ерлер арасында ең жас боксшымыздан алтын медаль күтеріміз анық. 21 жасында әлем чемпионы атанған боксшымыз соңғы кезде шаршы алаңда еркін көсіле алмай жүр. Мамыр айында Дубайдағы Азия додасында сәтсіз өнер көрсетті. Иран азаматы Мейсам Гешлагиден сөзсіз жеңілді. Испанияда өткен халықаралық турнирде қола жүлдені қанағат етті. Біз Бекзадқа сенсек, өзбектер 22 жастағы Дилшодбек Рузметовті мықты санайды. Екатеринбуртегі әлем біріншілігінің финалында Нұрдәулетов дәл осы боксшыны ұтқан еді. Алайда, екі ай бұрын Дилшодбек Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Риода 75 келіге дейін салмақта чемпион атанған Арлиен Лопес те жеңіс тұғырына көтерілсем дейді.

2019 жылғы әлем чемпионатының финалында Бекзадтың Дилшодбек Рузметовті жеңген сәті

81 келіні де қазақ боксшыларының жұлдызды межесі деуге болады. Василий Жиров 1996 жылы Қазақстанға алғаш Олимпиада «алтынын» сыйлады. Әділбек Ниязымбетов соңғы екі Олимпиадада күміс медаль ел қоржынына салды. 2008-де Еркебұлан Шынәлиев «қола» алды.

91 келіге дейін - Василий Левит

Қарсыластарынан емес, төрешілерден «таяқ жейтін» Василий Левит 91 келіге дейінгі салмақта ел атынан жұдырықтасады. 2016 жылғы Риода ресейлік Евгений Тищенкоға қарсы өткен жекпе-жегі үлкен дауға айналғаны ел есіңде. Бокс түгілі, спорт тарихындағы ең әділетсіз шешімдердің біріне куә болдық. Бүкіл әлем Левиттің мойынына тағуға дайын болған алтын медальді төрешілер Тищенкоға берді. Василийдің жеңгенін көрші ел де мойындайды.

2016 жыл. Рио-де-Жанейро. Левит - Тищенко

Риодағы жағдай тарих қойнауына кетті. Бір алтын «қарыз едік» деп жеңісті бере салатын ешкім жоқ. Левиттің жиған тәжірбиесі мол. Әйткенмен, жеребе Василийді бірден сынап көргісі келген секілді. Алдымен испандық Эммануель Рейеспен кездеседі, одан өтсе кубалық Хулио Сесар Ла Круспен қолғап түйістіреді. 81 келіге дейін салмақта төрт әлем чемпионатының «алтынын» алған, Риода жеңіс тұғырына көтерілген Ла Крус басты фавориттер қатарында. Бірақ, 91 келі Левиттің үйреншікті салмағы болса, кубалық боксшы алғаш рет бұл салмақта ірі додаға қатысады.

Кубалық Хулио Сесар Ла Крус

2019 жылы әлем чемпионатында Левитті жеңген Эквадор өкілі Хулио Кастильо мен ресейлік әлем чемпионы Муслим Гаджимагомедовты сарапшылар финалға шығады деп топшылап отыр.

91 келіден жоғары - Қамшыбек Қоңқабаев

Ең ауыр салмақта команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ел қоржынына медаль салуға тырысады. 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде айтарлықтай бәсеке бар деп айта алмаймыз. Алайда, Қамшыбек соңғы кездері жиі жеңіліп жүрген Баходир Джалолов алтын жүлдеден басты үміткер. АҚШ-қа ерте аттанып, нағыз бокс ортасына түсіп, әуесқой мен кәсіпқой рингте қатар ойқастап жүрген өзбек спортшысы Қамшыбекті соңғы әлем және Азия чемпионаттарында ұтқан. Қоңқабаев - Джалолов финалын сарапшылар да, жанкүйерлер де күтеді. Спортшы ғұмырындағы ең маңызды додада Қамшыбек бітіспес қарсыласын жеңіп, бірнеше жылдан бері кеткен есені еселеп қайтарады деп біз де сенеміз. Бірінші жекпе-жегінде жерлесіміз мысырлық Есри Рез Мұстафамен шеберлік сынасады.

Қоңқабаев - Джалолов жекпе-жегі

Аталмыш салмақта 2000 жылы Мұхтархан Ділдәбеков «күміс» алса, соңғы екі Олимпиадада Иван Дычко «қолаға» қол жеткізді.

Надежда Рябец - 75 келі

Қыздар арасында жалғыз жолдама 20 жастағы Надежда Рябецке бұйырды. Жастар Олимпиадасында үшінші орыннан көрінсе, жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыста топ жарған. Бұрымды боксшымыз жеңіс тұғырынан көрінеді деу қиын. Кіл мықтылар жиналған салмақта бір-екі кезең өтіп, Олимпиадада үлкен тәжірбие жинап келудің өзі жетістік. Надежданың Токиодағы алғашқы қарсыласы канадалық Тамара Тибелт болмақ.

Боксшылар арасындағы жарыс 24 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері қатысатын күнтізбемен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер