Бокс

Дәулет Дәукенов: Биыл 5 жекпе-жек өткізу жоспарда бар

Дәулет Дәукенов: Биыл 5 жекпе-жек өткізу жоспарда бар
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Дәулет Дәукенов бүгін Украина астанасы Киевте шаршы алаңға шығады. Қарсыласы – жергілікті боксшы Александр Абрамян. Қос боксшы бірінші жартылай орта салмақ бойынша WBC Continental чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Кездесу он раундқа жоспарланған.

– Салмақты сәтті орындадыңыз, бірер сағаттан соң жекпе-жегіңіз болады. Қалай әсердесіз?

– Салмақты жасадым. Енді жекпе-жекке дайындалып отырмын. Бәрі ойдағыдай. Жекпе-жекке дайындық жақсы өтті.

– Қарсыласыңыз украин боксшысы Александр Абрамян болмақ. Жекпе-жекке жоспарыңыз қандай?

– Қарсыласымды қарымды. Жекпе-жекке жоспарды жасадық. Украин боксшысы алда көп жүріп жұдырықтасқанды, көп шабуылдағанды ұнатады. Дегенмен қарсыласыма қарағанда бойымның ұзындығын дұрыс пайдалануым керек. Өзіме көп жақындатпай, алыстан жұдырықтасамын деген жоспар бар. Бірақ бәрі рингте белгілі болады. Жоспар бір бөлек, шаршы алаңда жұдырықтасу бір бөлек. Жоспар әп-сәтте өзгеруі мүмкін. Бәрі раундтан раундқа өткенде белгілі болады.

– Пандемия уақытында спортшыларға жаттығу қиынға соғып жатқаны рас. Шетелдегі жаттығу жиындары тоқтатылып дегендей. Өзіңіз бұл жекпе-жекке қайда және қалай дайындалдыңыз? Қандай қиындықтар болды?

– Шекара жабық болғандықтан шетелге көп шыға алмадық. Бұл жекпе-жекке Нұр-Сұлтан қаласында Astana Boxing Club залында Ернұр Жаңабайдың қол астында дайындалдым. Спарринг қарсылас іздеу қиынға соқты. Дегенмен елордада жүрген боксшыларды шақырып, біраз дайындық жекпе-жектерін өткіздім. Бір сөзбен айтқанда, дайындығыма көңілім толады.

– Қоржыныңызда WBA Asia белбеуіңіз бар. Ал бұл жекпе-жекте WBC Continental белбеуі бәске тігілгелі отыр. Сәті келіп жеңіп жатсаңыз тағы қандай белбеулерге жұдырықтасу жоспарда бар?

– Бәрі ойдағыдай болып, жеңіске жетсем, тағы бір белбеуді иемденемін. Ал одан кейінгі жоспарды менеджерім, жаттықтырушыммен ақылдасып, шешеміз. Әзірге келесі жекпе-жекті ойлап жүргенім жоқ. Қазіргі мақсат – бүгінгі жекпе-жек.

– Өткен жылы пандемия салдарынан көп боксшылар жекпе-жек өткізе алмай, оның орнын биыл толтырғалы тұр. Биыл, 2021 жылы, қанша жекпе-жек өткізу жоспарда бар?

– Пандемияда көп жекпе-жектер өтпей қалғаны рас. Осы жекпе-жектен соң жоспар жасаймыз. Биыл 5 жекпе-жек өткізсек деген ой бар. Бірақ бәрі бабына қарай болады ғой. Жекпе-жектердің деңгейіне, нәтижесіне қарай жоспарлаймыз.

Айта кетейік, Дәулет Дәукенов өзінің соңғы кездесуін өткен жылдың қазан айында Минскте өткізіп, украиналық Назри Рахимовты (6-2, 3 КО) ұпай саны бойынша төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен ұтып бірінші жартылай орта салмақтағы WBA Asia East белбеуін иеленген болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер