Фавориттер сүрінген күн. ҚПЛ-дың кезекті туры қалай өтті?

Фавориттер сүрінген күн. ҚПЛ-дың кезекті туры қалай өтті?
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 19-тур матчтары өтті. Бұл тур көш басындағы командалардың жеңілісімен есте қалды. Бүгін «Қайрат», «Астана» мен «Ордабасы» үшеулеп жүріп бір ұпай еншілей алмады. Prosports.kz тілшісі 19-тур матчтарын қорытындылайды.

Қарағандылық «Шахтер» елордалық «Астананы» 3:1 есебімен сенімді жеңді. Ойын барысында «кеншілерде» қарсыласын ірі есеппен жеңетін мүмкіндік болды. Осылайша, «Шахтер» үздіктер қатарына жақындады. Команда 26 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Үшінші орындағы «Астанада» 27 ұпай бар.

Ал шымкенттік «Ордабасы» қызылордалық «Қайсармен» кездескен. Бұл матчта шымкенттіктер алаңға 7 легионер шығарса, «қасқырлар» 7 қазақстандықты бірінші минуттан ойынға қосты. Нәтижесінде «Қайсар» 3:0 есебімен сенімді жеңді. Осы ойыннан кейін «Ордабасының» еншісінде 27 ұпай бар - клуб төртінші орында тұр. Ал «Қайсар» 24 ұпаймен алтыншы орында келеді.

Талдықорғандық «Жетісу» үздік төртікке жақындау мүмкіндігін жіберіп алды. Команда «Тараздан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Талдықорғандық клубтың еншісінде қазір 22 ұпай бар, команда 7-орында тұр. Ал «Тараз» 20 ұпаймен 8-орынға көтерілді.

Негізгі құрамда жастарын шығарған «Қайрат» «Қызыл-Жардан» жеңілді. Матч соңына қарай петропавлдықтар жеңіс голын соқты - 3:2. Алматылық клуб ойынды тоғыз футболшымен аяқтады. Осы ойыннан кейін «Қайрат» 45 ұпаймен қалды. Команда ел чемпионы атағын еншілеп қойған. Ал «Қызыл-Жар» 19 ұпай жинап, 9-орнын нығайта түсті.

Турнир кестесінің соңғы орындарында тұрған ақтаулық «Каспий» көкшетаулық «Оқжетпесті» 2:1 есебімен жеңді. Соңғы орында тұрған көкшетаулық клуб бірінші лигаға бір қадам жақын тұр - 11 ұпай. 10-сатыдағы «Каспийде» 14 ұпай бар.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер