«Севилья» - «Интер». Маңызды мағлұматтар
2019/2020 маусымның Еуропа лигасының финалында испаниялық «Севилья» мен италиялық «Интер» командалары кездеседі. Матч Нұр-Сұлтан уақыты бойынша тамыздың 21-нен 22-не қараған түні Германияның Кельн қаласында өтеді. Prosports.kz тілшісі мерзімі ұзақ болса да, өткізілуі қысқа болған ерекше турнирдің финалдық матчы алдында қызықты деректерді теріп шықты.
«Севилья» - турнир патшасы
Андалуссиялық клуб Еуропа лигасының(бұрын УЕФА кубогы) ширек финалына жетсе, міндетті түрде жарыста топ жаратыны бар. «Севилья» 2006 жылдан бері бұл турнирде бес мәрте финалға шығып, бәрінде жеңіске жеткен. Бүгінгі таңға дейінгі соңғы финалында испан клубы шешуші кездесуде Юрген Клопптың «Ливерпулін» ұтты.

«Интер» де қарсыластарымен бұл көрсеткіште тайталаса алады. «Неррадзурри» де өз тарихында 1992-1998 жылдар аралығында төрт мәрте УЕФА кубогының финалында ойнаған. Әйткенмен, бір финалда есе жіберіп, үш мәрте кубокты еншіледі.
«Интер» соңғы 9 жылда бірде-бір кубок ұтпаған
XXI ғасырдың алғашқы онжылдығы «Интер» үшін сәтті болды. Бірнеше мәрте Италия чемпионы атанды. 2010 жылы Жозе Моуриньоның баптауымен Чемпиондар лигасын жеңіп алды. 2011 жылы Италия кубогында топ жарды. Содан бері «Интер» Италияда «Ювентустің» көлеңкесінде қалды. Еурокубокқа жолдамасыз қалған жылдар да болды. Әйткенмен, былтыр Антонио Конте келіп, мықты құрам жасақтап, Италияда «Ювентусқа» бәсекелес бола алатындығын аңғартты.

Командалар 12 жыл бұрын кездесті
«Интер» мен «Севилья» еурододаларда жиі ойнаса да, бұған дейін жолдары түйіспеген. 2008 жылдың тамызында тек бір жолдастық кездесу өткізген болатын. Амстердамда өткен LG кубогы аясында «Интер» және «Севилья» жеңімпазды анықтай алмай, ойын 0:0 есебімен аяқталды.
«Интер» құрамы 250 миллионға қымбат
Transfermarkt беделді порталының хабарлауынша, «Интер» құрамы «Севильяның» ойыншыларынан 250 миллионға қымбат (338 миллионға қарсы 586,05 миллион еуро)!
Даниялық жартылай қорғаушы Кристиан Эриксен мен Бельгия құрамасының шабуылшысы Ромелу Лукаку (әрқайсысы 68 миллион еуро) италиялық клубтың ойыншылары арасында жоғары бағаға ие. Аргентиналық шабуылшы Лаутаро Мартинестің (64 миллион) бағасы шарықтап тұр. Ал нидерландтық қорғаушы Стефан де Врей, словак Милан Шкриньяр мен хорват жартылай қорғаушысы Марсело Брозович - үшеуі де 48 миллион еуродан бағаланып отыр.
«Севильяның» ең қымбат ойыншыларының тізімін аргентиналық жартылай қорғаушы Лукас Окампос пен бразилиялық орталық қорғаушы Диего Карлос (екеуі де - 50 миллион евро) бастап тұр. Француз Жюль Кунде 30 миллион еуро тұрса, жалда жүрген «Реал» футболшысы Серхио Региолонның бағасы 25 миллион.

Финалға дейінгі жолдары
Коронавирус кесірінен Еуропа лигасының 1/8 финалынан бастап матчтар Германияда өтіп жатыр. Жеңімпаз бір кездесу қорытындысы бойынша анықталып отыр. «Интер» де, «Севилья» да неміс жерінде сенімді ойнап жүр. Италиялық команда үш ойында 9 гол соқты. 1/2 финалда украиналық «Шахтерді» 5:0 есебімен таптап өтті.
«Севилья» дәл осы кезеңде карантинге байланысты үзілістен кейін адам танымастай өзгеріп, АПЛ-да үшінші орынға қол жеткізген азулы «Манчестер Юнайтедті» жарыс жолынан шығарды.
Айта кетейік, Еуропа лигасының финалдық кездесуін Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.