Талғат Байсуфинов: Павлодарға үлкен футбол оралады
Қайта құрылған «Ақсу» футбол клубының ойыншылары ашық ауада бірінші жаттығуын өткізді. Қазақстандық жаттықтырушы Талғат Байсуфинов Pavlodarnews.kz сайтына Павлодар футболын әрі қарай дамыту жөніндегі ойын бөлісті.
Талғат Байсуфинов әңгімелеп бергендей, жақында әріптесі Юрий Ишутин екеуі облыс және облыстық футбол федерациясы басшылығының кездесу жөніндегі ұсынысын қабылдаған. Кездесу барысында мамандар Павлодарда футболды дамыту жоспарларын жайып салды.
- Қауышу кезінде Павлодарға үлкен футболды қайтарудың бір амалы – «Ақсуды» Екінші лига арқылы Бірінші лигаға, әрі қарай Премьер-лигаға шығарудың жай-жапсары талқыланды, - дейді Талғат Байсуфинов. – Мақсатымыз – қысқа уақыт ішінде Павлодарға үлкен футболды қайтару. Әрине, біз осы межені бағындыруға мүдделіміз және ол үшін бар білгенімізді саламыз.
Бұл мақсатқа жету үшін «Ақсу» құрамы, сөзсіз, күшейтілуі тиіс. Осы орайда командаға Никита Калмыков, Павел Шабалин, Константин Заречный, Михаил Голубничий және Александр Балаев сынды тәжірибелі ойыншылар шақыртылды. Оларға «Арман» ЖФК ойыншылары Игорь Демешко мен Асқар Әжікенов келіп қосылды. Қазірде командада Владислав Чернышов пен Салман Чапанов секілді тәжірибелі ойыншылар да жүр.
- Негізінен павлодарлық футболшыларға сенім артылатын болады, - дейді Талғат Байсуфинов. – Өз жанкүйерлерімізді ұмытпай, Павлодар футболының өлмегенін танытуымыз керек. Сол себепті бірқатар тәжірибелі футболшыларды тарттық. Оған қоса командадағы жас, дарынды футболшылардың да шеберлігін шыңдауға да баса назар аударылмақ.
Бүгінде ұзақ мерзімге созылған үзілістен соң команда топтық жаттығуларға кірісті. Барлық карантиндік шаралары сақталған.
- Қазіргі кезде бастысы – жігіттердің физикалық күйін көтеріп, бабын арттыру, - дейді Талғат Байсуфинов. – Жүгірістер мен жасыл алаңдағы доппен жеңіл жаттығуларды алмастырып ұйымдастырудамыз. Футболшыларға бірден жүк түсіруді ешкім қаламайды. Осындай режимде бір аптадай жұмыс істеп, әрі қарай жаттығуларды күшейтеміз. Барлық жаттығулар дене шынықтыру жөніндегі бапкердің нұсқауымен өтіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, Ertis ФК Қазақстан чемпионатынан шеттелгеннен соң Павлодар футболын «Ақсу» арқылы дамыту бойынша шешім қабылданды.